RU

"Салмағы 20 тонна": Ақтөбеде әлдебіреу металл қабылдайтын орынға әскери танк өткізген

Танк
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ақтөбеде металл қабылдау бекетіне танк тапсырып, қазір тергеу жүріп жатыр. Танкті кімнің тапсырғаны туралы ақпарат әлі күнге дейін құпия сақталып отыр деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық ұланның 66/55 әскери бөлімінің әскери полициясының мәліметінше, танктің металл қабылдау бекетінде тұрғаны жайлы хабар түскен.

"Біздің әскери бөлімде әскери техника болған соң барып қарау - міндетіміз. Әскери бөлім офицерлері оқиға орнына барды, қарады. Шын мәнінде танк тұр. Тек жоғарғы бөлігі, оқ-дәрісі жоқ. Сол жерде кімнің тапсырғаны анықталды. Оны қазір жариялай алмаймыз. Тексеру жүріп жатыр. Әскери тергеу басқармасы, Ақтөбе гарнизонының әскери полициясына хабар берілді. Құжаттар жиналды. Танктің материалдық құны жоқ. Дегенмен кез келген әскери техника арнайы орында жойылуы тиіс", - дейді 66/55 әскери бөлімі әскери полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Марат Есет.

Оның айтуынша, Т-34 маркалы танк соғыс кезінде қолданылған. Қазір қолданыста жоқ.

"Қазір танк металл қабылдау бекетінде тұр. Нақты шешім қабылданғанға дейін әскерилер күзетеді. Металл қабылдау бекетіндегі адамдардың айтуынша, салмағы 20 тонна болады",- дейді Марат Есет.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде дүкенге ойыншық тапаншамен шабуыл жасамақ болған ер адам ұсталған еді. Ол 37 жастағы тұрғын болып шықты. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 192-бабы, 2-бөлігі бойынша іс қозғалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920749-salmagy-20-tonna-aqtobede-aldebireu-metall-qabyldaityn-orynga-askeri-tank-otkizgen/