Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-дағы ауыл тұрғындары: 30 жыл бойы жолды жөндеген жоқ, енді жөндейтініне сенбейміз

Опубликовано:

БҚО
Видеодан кадр: Хабар 24

Батыс Қазақстан облысы Володарское ауылының тұрғындары көлік жүретін жолды өздері жөндеп жатыр. Олар бірнеше жылдан бері биліктен қаржы сұрап шаршағанын айтады деп хабарлайды Хабар 24.

Телеарнаның мәліметінше, жөндеу көрмеген жолдың ұзақтығы небәрі 2 шақырым. Бірақ ойдым-ойдым шұңқыр ауыл халқының әбден жүйкесін жұқартып біткен. Вадим Самохвалов та осы жолмен жиі қатынайды екен.

"Ауылға жиі келемін. Қалаға да тиіп тұр. Бірақ мына жолды еңсеру оңай емес. Көліктің де соры. Мына жолмен күн сайын жүретін жүргізушілерге медаль беруге болар. Шұңқырлары күзде шалшық суға толғанда қозғалыс тіпті қиындап кетеді. Ондай кезде талай көліктің жолда бұзылып тұрғанына сан мәрте куә болдық", - дейді Орал қаласының тұрғыны Вадим Самохвалов.

Аға буын өкілдерінің айтуынша, алғаш рет бұл жерге асфальт колхоз болып құрылған кезде төселіпті. Содан бері бір де бір рет жөндеу көрмеген. Ашынған ауыл тұрғындары ақыры өздері жөндеуге кіріскен. Алдымен ауылға кірер тұсты жөндеген. Құрылысқа қажетті қаражатты да өздері жинаған.

"Ақшаны ауыл тұрғындары болып өзіміз жинадық. Бірі 500 теңгеден, енді бірі мың теңгеден берді. Күрек пен сүйменімізді алып 30 шақты адам кешкісін жөндеу жұмыстарына жұмыламыз. Арзан бағаға асфальт таптық. Енді бізге оны ешкім келіп жөндеп бермейді ғой. 30 жыл бойы жөндеген жоқ, енді жөндейді дегенге сенбейміз де. Көлікпен жүру мүмкін емес, күн сайын бұзылған машинаны жөндейміз", - дейді Володарское ауылының тұрғыны Қуаныш Әділшиев.

Ал Трекин ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулет Убаев қаражат бөлінсе жол жөнделетінін айтады.

"Жолдың мәселесі одақтан бері келе жатқан мәселе. Оған қаражат бөлінбеген соң әзірге жөндеусіз тұр. Келесі жылы ПСД Володарка мен Новенькийдің жолы жөнделсе, арғы жылы қаржат бөлініп жатса жөнделеді деп есептейміз", - дейді Дәулет Убаев.

Жолдың кейбір тұсы демеушілер есебінен жөнделіп жатыр. Жарықтарды уақытша болса да бітеп, асфальт жабынын төсеуге арналған бірлі-жарым техника пайда болған. Биыл Трекин ауылындағы жолды жөндеуге қаржы бөлініпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920773-bqo-auylynyn-xalqy-30-zyl-boiy-zoldy-zondegen-zoq-endi-zondeitinine-senbeimiz/

pixel