RU

Еліміздің министрлері биыл қайда демалатынын айтты (видео)

Шенеунік
Көрнекі фото: pixabay.com

Биыл үкімет мүшелері көптен күткен еңбек демалысын алады. Осы орайда Sputnik Қазақстан олардың қай жерде демалатынын білді.

Министрлердің көбісі елімізде демалуды көздеп отыр.

Мәселен, вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді алысқа бармай-ақ, Бурабайға баруға болатынын жеткізді.

Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Серік Жұманғарин бұған дейін ылғи Түркияда демалған екен. Енді он күндік демалысын өз жерімізде өткізуді жоспарлап отыр.  

"Шығыста Рахман бұлағы бар дейді. Соны көруге кеңес берген. Емделуге де болады екен. Бірақ оны әлі ойластырған жоқпын. Отбасылық кеңесте талқылауымыз керек", - дейді Серік Жұманғарин. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова балаларымен бірге Түркияға баруы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев "Алматы" шипажайын ұнататын болып шықты. Ал ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Атырау немесе Балқашты қарастырып жатқаны белгілі болды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бес күндік демалысын қай жерде өткізетінін әлі шешпегенін жеткізді.

"Бәрін менің жұбайым шешеді", - дейді министр.

Үкімет мүшелерінің ішінде демалыс алмайтындар да бар. Мысалы, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сенбі-жексенбі, сондай-ақ, мейрам күндеріндегі демалысты пайдаланатынын атап өтті.

Вице-премьер Ералы Тоғжанов та еңбек демалысын алмайды. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия төрағасы шетелге шықпауға кеңес беріп отыр.

"Қазақстанда демалу керек. Атырау, Ақтау, Түркістан, басқа облыстар бар. Шетелге шықпаған дұрыс. Одан да Қазақстанда демалыңыз", - дейді үкімет басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920816-biyl-elimizdin-ministrleri-qaida-demalady/