RU

Елбасы Назарбаев Университетінен кем түспейтін жоғары оқу орны ашылатынын мәлімдеді

Студент
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұрсұлтан Назарбаев Qazaqstan арнасының "Nur-Sulan. Қолтаңба" деректі фильміндегі сұхбатында елімізде жаңа жоғары оқу орны бой көтеретінін мәлімдеді.

Елбасы сұхбатында отандық QazVaс вакцинасына қатысты пікір білдіре отырып, елімізде жаңа жоғары оқу орнын ашуды қолға алғанын сөз етті.

"Қазір бізде медициналық-фармацевтикалық хаб құру мүмкіндігі бар. Тек қана өзімізде шығармай, көршілерді де сол дәрімен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде жасанды интеллект бірінші орынға шығып отыр. Алматыда осы бағыттағы университет ашуды қолға алып жатырмын. Оның деңгейі сияқты болады", - деді Назарбаев.

Тұңғыш президент сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы айтты.

"Саланың үлкен болашағы бар. Ауыл шаруашылығы бағытында өндірісті қолға алып, сыртқа экспорттау арқылы мемлекетке қаржы келтіруге болады. Сондықтан жастарға ең алдымен айтарым, білімді болу. Қазір ғылым-білімнің заманы. Ұрпақ соған қарай ұмтылуы керек, сапалы білім алуы керек. Бәріне бірдей университет бітіру мақсат емес. Дүниежүзінде университет бітіргендердің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Ең бастысы, қандай мамандық алса да, соның білгірі болу", - деді Елбасы Qazaqstan арнасына берген сұхбатында.

Еске салсақ, бұған дейін еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Qazaqstan арнасына берген сұхбатында елорданы газдандыруға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921055-elbasy-nazarbaev-universitetinen-kem-tuspeitin-zogary-oqu-orny-asylatynyn-malimdedi/