RU

"Анашым, рөлге неге отырдың": Қазнетте тараған жол апатының видеосы көптің көңілін босатты

Апат
Видеодан кадр: instagram.com/top_bestseller_kz

Ақмола облысындағы тас жолда жол апаты болды. Жол-көлік оқиғасы орнында түсірілген видео желіде тарады. Бұл жайтқа қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желіде тараған видеодан аударылып қалған көлік пен көмек көрсету үшін жүгіріп бара жатқан куәгерлерді байқауға болады.

Сондай-ақ, кадрдан қыз баланың дауысы естіледі.

"Анашым, рөлге неге отырдың?", - деп айқайлайды қыз бала.

Белгілі болғандай көлік рөлінде 48 жастағы әйел отырған.

Бұл видеоға қатысты Ақмола облысының полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, жол апаты 6 шілде күні сағат 13:46-да Нұр-Сұлтан - Петропавл тас жолының 194-шақырымында болған.

Toyota RAV4 көлігін басқарған 48 жастағы елордалық әйел Көкшетауға қарай бара жатып, алдыңғы дөңгелектен шыққан ақаудың салдарынан тізгінге ие бола алмай, көлік аударылып қалған.

Жарақат алған 9 жасар қыз бала мен кеуде қуысының жарақатын алған 47 жастағы әйел ауруханаға жеткізілген.

Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы, 1-бөлігіне (Адам денсаулығына зиян келтіретін, көлік құралдарына немесе басқа мүлікке зиян келтіретін жол ережелерін бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921167-anasym-rolge-nege-otyrdyn-qaznette-zol-apaty-ornynda-tusirilgen-video-tarady/