RU

"Шошқа болып кеткен": Жағажай маңын қоқысқа толтырған ақтаулықтар елдің ашуына тиді (видео)

Фото
Фото: Instagram/aktau.911

Желіде Ақтаудағы күл-қоқысқа толған жағалаудың видеосы тарады. Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевтың сөзінше, қаладан бар-жоғы 24 шақырымда орналасқан жағажай маңы жылдан жылға қоқыс алаңына айналып бара жатқан көрінеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қоғам белсендісі түсірген видео желідегі танымал парақшалардың бірінде пайда болды. Онда Ақтаудан 24 шақырым жерде орналасқан Сайын Шапағатов ауылының жанындағы жағажай туралы айтылады.

Азамат Сәрсенбаевтың сөзінше, аталған жағажай ақтаулықтардың сүйікті демалыс орны екен, әрі мұндағы су да тап-таза көрінеді. Ол осы жағажайға қала тұрғындары демалу үшін жиі келетінін айтады.

"Бірақ өкініштісі, жыл өткен сайын жағажайдың үлкен қоқыс алаңына айналып бара жатқандығын көріп жүрміз. Осында келген соң, адамдар көліктерін жағажайдан бар-жоғы 200 метр жерге қояды, одан қалса пикник ұйымдастырып, осы аралықты бітпейтін тамақтың пакеттері, сусын мен тағамдардың бос ыдыстарымен толтырады.
Сорақысы пикник біткен соң, қоқысты өздерімен бірге қоқысты өлсе де әкетпейді, несіне әкетсін? Оның бәрін жинайтын волонтерлер бар емес пе?",-деп күйінді қоғам белсендісі.

Сол сияқты жергілікті Лада басылымы қаладағы жағдай да мәз емес екенін жариялады. Басылым жариялаған видеода тұрғындардың жағажай маңын күл-қоқысқа толтырғанын байқауға болады.

Желі қолданушылары ақтаулықтардың бұл әрекетін "шошқаның" тірлігіне теңеп, оларды аямай сынап тастады.

"Шошқа болып кеттіңдер ме? Өздеріңнен кейін жинап кетсеңдер, нелерің кетеді", "Ұят болу керек қой адамда, мөлдір суға обал болған екен", "Туған жер, ел дегенде сондайсыздар, неге өздеріңіздер бастамайсыздар?", "Ұят болған екен, сіздер түгілі біз ұялып отырмыз" деп жарыса жазды олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921289-sosqa-bolyp-ketken-zagazai-manyn-qoqysqa-toltyrgan-aqtaulyqtar-eldin-asuyna-tidi-foto-video/