RU

Далаға апарып, түні бойы зорлаған: Балқаштық әйел жантүршігерлік оқиға туралы айтты

Өгей әкесі зорлады деген күдікке ілінді
Көрнекі фото: beta.nv86.ru

Балқаш қаласының 26 жастағы тұрғыны, екі баланың анасы өзін екі ер адам зорлағанын айтты. Бұл туралы "НеМолчи.kz" қоры әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға 23 маусым түнде болған. Сол күні кешке келіншек балаларына айран мен нан алу үшін дүкенге барған. Үйіне қайтар жолда оны екі ер адам пышақпен қорқытып, көлікке күштеп отырғызып алып кеткен. Ер адамдардың бірі әйелдің танысы болып шықты.

Жәбірленушінің күйеуі әйелін іздеп туыстарына, құрбылары мен таныстарына хабарласқан. Еш хабар болмаған соң, 25 маусымда полицияға арызданған.

НеМолчи.kz" қорының ақпаратынша, күдіктілер әйелді далаға апарып, түні бойы зорлаған. Бұған қоса оны ұрып-соғып, темекімен денесін күйдірген. Ал таңға жақын оны айдалаға тастап кеткен. Қалаға жету үшін әйел 7-8 сағат жаяу жүрген.

"Жәбірленуші басынан кешірген жағдайдан кейін полицияға шағымдануға бел буады. Алайда полицияда оған қысым көрсетілген. Әйелдің хәлін көріп тұрса да, туыстарына ештеңе айтпаған. Тек табылғанын хабарлаған. Сот-медициналық сарапшылар оған былапыт сөздер айтқан. Мұның бәрін ол өз қолымен жазды", - деді қордағылар.

Қор өкілдері полицейлер жәбірленушіге емес, оны зорлағандарға көбірек сенетінін мәлімдеді.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

25 маусым 12.45-те Балқаш полициясына 43 жастағы ер адам арызданған. Ол әйелі 23 маусым 21:15 шамасында дүкенге шығып, сол күйі оралмағанын мәлімдеді.  

Сол күні, 25 маусымда 16:00-те аталған әйел полиция бөліміне өзі келіп, екі ер адам зорлағанын айтты. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Полиция қызметкерлері екі ер адамды анықтап, ұстады. Олардың бірі жәбірленушімен 2012 жылдан бері таныс екен. Ұсталғандар өз нұсқасын айтты. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалды, бастапқы шаралар жүргізілді, соның ішінде оқиға болған жер тексерілді.

Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Балқаш қаласына оқиғаның мән-жайы жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін жедел тергеу тобын жіберді", - деді полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Құлкеев.

Облыстық полиция қылмыстық істі тергеу барысын өз бақылауына алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921306-dalaga-aparyp-tuni-boiy-zorlagan-eki-balanyn-anasy-zantursigerlik-oqiga-turaly-aitty/