RU

Алматы облысында спортшы 17 жастағы жігітті елдің көзінше соққыға жыққан

1
Видеодан кадр: polisia.kz

Алматы облысында спортшы 17 жастағы жігітті елдің көзінше соққыға жыққан. Балалар алаңында болған жайт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Оқиғаның мән-жайын Polisia.kz сайты хабарлады.

Белгілі болғандай 6 шілде күні облыстағы тұрғын үй кешендерінің бірінен полицияның учаскелік пунктіне қоңырау түскен.

Тұрғындар көпқабатты үй алаңында төбелес болып жатқанын хабарлаған.

Оқиға орнына бірден жеткен тәртіп сақшылары 18 жастағы спортшыны ұстаған. Оның жекпе-жекпен айналысатыны және тұрғын үй кешенінде пәтер жалдап тұратыны анықталған.

Ал спортшының қасында Түркістан облысынан келген 17 жастағы жасөспірім болған. Ол медициналық көмекке зәру болғандықтан, полицейлер тез арада дәрігерлерді шақырып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.

Нәтижесінде жастар арасында жанжал туындағаны, бірі екіншісіне әзілдеп тиіскені, ал екіншісі оның анасын балағаттағаны белгілі болған.

Қазір күдікті тергеуде, ал байқамай сөйлеген жәбірленуші дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Бұл жайт ата-аналар мен балалар серуендеп жүрген қоғамдық орында болған. Факт Қылмыстық кодекстің 293- бабы 1- бөлігі (Бұзақылық) бойынша тіркеуге алынған.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда полицеймен төбелескен ер адам қамауға алынғанын жазған едік. Ресми мәліметке сәйкес, полицияға 5-мөлтек ауданында орналасқан "Идеал" супермаркетінде жанжал шыққаны туралы хабар түскен.

Ол жерге дереу учаскелік полиция инспекторы барған. Жәбірленушіден арыз алу кезінде жанжал шығарған мас тұрғын полицияның заңды талабына бағынбаған. Ал далаға шыққаннан кейін қарсылық көрсеткен.  

Тәртіп бұзған ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаға тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921363-almaty-oblysynda-sportsy-17-zastagy-zigitti-eldin-kozinse-soqqyga-zyqqan-video/