RU

Мас күйінде көшеде тәртіп бұзған елордалық жастар көптің ашуына тиді (видео)

Фото
Фото: Instagram/eto_astana_detka

Желіде елордадағы 24 сағат бойы жұмыс істейтін дүкеннің алдында тәртіп бұзған жас жігіттердің видеосы тарады. Таң атпай айғайлап, елді ұйқыдан оятқан олар, бұған қоса, сол жерге келіп жеткен полицейлерге де қарсы шыққан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Instagram желісіндегі танымал пабликтердің бірінде пайда болған видеода бірнеше жас азаматтың былапыт сөз айтып, тәртіп бұзғандарын анық көруге болады.

Одан бөлек жастар дүкен алдында тұрған банкоматтар мен көліктерді соққан.

Желі қолданушылары жастарды осындай тәртіпсіздіктері үшін сынап тастады.

"Нағыз мәмбет шоу болыпты ғой", "Ішімдік ішіп нелері бар? Қазір осылай ішімдік ішетін заман ба?", "24 сағат жұмыс істейтін дүкендердің барлығы осы, ішімдікті түнімен сатады, сосын осындайлар түнімен "концерт" қояды", "Біздің үйдің алдында да дәл осындай дүкен бар, кейде осылай таңға дейін айғай-шу болып жатады", "Ұят-ай, жастарға не болып бара жатыр өзі?" деп жазған олар.

Аталған оқиғаға қатысты Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті пікір білдірді.

"Ағымдағы жылдың 6 шілдесінде сағат 5.30-да "102"-ге Мәңгілік ел көшесінде орналасқан дүкеннің алдында белгісіз тұлғалар мас күйінде тұраққа қойылған көліктер мен банкоматтарды соғып жатқаны туралы қоңырау түсті.

Оқиға орнына полиция жасағы келген соң, 18-21 жас аралығындағы тәртіп бұзушылар ұсталып, "Есіл"ауданының полиция бөліміне жеткізілді.

Сондай-ақ, төрт азамат сыра дүкеніне шығып, жолда өздері сияқты тағы үш жігіт пен бір қызды кездестіргені анықталды. Сөйтіп жастардың арасында түсініспеушілік орын алып, оның соңы төбелеске ұласа жаздаған.

ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабы (тыныштықты бұзу) бойынша барлық адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы (құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау) бойынша әкімшілік іс қозғалды, оның нәтижелері бойынша кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады", - дейді полициядан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921377-mas-kuiinde-kosede-tartip-buzgan-elordalyq-zastar-koptin-asuyna-tidi-video/