Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустың өршіп тұрған шағында Алматыдағы емханалардың бірінде 73 медқызметкер жұмыстан кетпек

Опубликовано:

Алматыдағы №18 емхана дәрігерлері
Кадр: 31 арна

Алматыдағы емханалардың бірінде дәрігерлер жұмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартуда. Оған медициналық мекемеде әріптестер арасында туындаған жанжал себеп болып отыр. Дәрігерлердің өзара бітісе алмауы салдарынан дәл коронавирус өршіп тұрған шақта 30 мың адамға көмек көрсететін емхана дәрігерсіз қалуы мүмкін, деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Ауруханадағы жанжал бірнеше ай бұрын туындаған. Дәрігерлер өздерімен бірге жұмыс істейтін екі дәрігерге қатысты шағым айтып, оларды жұмыстан шығарып жіберуін басшылықтан талап еткен.

Кеше, 7 шілде күні, медициналық мекеме қызметкерлері осы екі әріптесі жұмыстан кетпейінше, науқастарды қабылдамайтынын айтып, шу шығарған.

"73 адам болып қол қойып отырмыз. Олардың барлығы осы екі адаммен жұмыс істегісі келмей, орнымызды босатамыз деп отыр. Өсек-аяң, ылаң салып жүреді. Жастарға қандай үлгі көрсетпек? Әсіресе, жас дәрігерлерге, мебдикелерге қандай тәрбие береді?", - дейді №18 аурухана филиалының медбикесі Гүлжан Әлімканова.

Медициналық мекеме ұжымы фильтр дәрігері мен аға мебдикеге шағымдануда.

Айтуынша, жұмысқа осы кісілер келгеннен соң, ұжымда түрлі проблемалар басталған. Олар қазіргі басшылықтың жұмыстан кетуін талап етіп отыр-мыс. Кейіннен тіптен олардың жемқорлыққа қатысы бар екені анықталған. Ұжымды дүрліктірген қызметкерлер мемлекеттік мекемеде науқастарды ақылы түрде қабылдаған деген күдікке ілінген. Бұл туралы әкімшіліктегілер айтып берді.

"Біз жемқорлық деректерін анықтадық. Ол кісі фильтр-кабинетте ақылы түрде науқастарды қабылдаған. Біздің №18 қалалық емханада ақылы қабылдаулар жүргізуге болмайды. Себебі, біз мемлекеттік мекеме болғандықтан, ақылы түрде қабылдау жасамаймыз", - дейді бас дәрігердің орынбасары Әсел Сағындықова.

Ұжымға жақпай қалған екі маман болса, өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

''Ол кісі бастапқыда менің әпкемнен фильтрдегі орнын босатуды талап етті. Әпкем келіспеген соң, оған әдейі науқас жіберіп, алдап түсіріп отыр'', - дейді аға медбике Майра Жанғабаева.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар аталған жайтты естіген бойда шұғыл түрде қызметтік тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесі 15 күннен соң белгілі болмақ.

"Негізінде бұл жерде адами фактор орын алған. Жаңа басшы тағайындаған кезде кей ұжым мұндай ауыс-түйісті ауыр қабылдайтын сияқты. Қызметтік тексеріс аяқталғаннан соң, біз бұл іске нүкте қоямыз'', - дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Аайта кету керек, бүгінгі таңда ауруханадан 30 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Дәрігерлердің бақылауында 149 адам тұрса, оның ішінде 60 адам Covid-19 жұқтырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921401-koronavirustyn-orsip-turgan-sagynda-almatydagy-emxanalardyn-birinde-73-medqyzmetker-zumystan-ketpek/

pixel