Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлытаудағы өрттен қайтыс болған 23 жастағы жігіттің әкесі болған жайтты баяндап берді

Опубликовано:

Дала өртінен қаза тапқан Бейбарыс Ескендір
Коллаж: instagram/vk_gazeta

Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылының 23 жастағы тұрғыны Бейбарыс Ескендір дала өртін сөндіру кезінде қайтыс болды. Туған ауылына қауіп төнгенде басын қатерге тіккен жігіт тілсіз жауды ауыздықтауға атсалыспақ болған, деп хабарлайды «Вечерняя Караганда» газетінің Telegram-каналына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Марқұмның әкесі Қожанбай Қожахметовтің айтуынша, баласы оқиға орнына өздігінен кеткен. Қайғылы жайтқа дейін Бейбарыс Жезқазғанда жүрген әкесіне қоңырау шалып, одан көлігін сұраған екен.

Әкесі қанша қарсы болғанымен, жас жігіт өрт сөндіріп жүрген ауылдастарына көмектескісі келетінін айтып, райынан қайтпапты.

«Бейбарыс «ауыл тұрғындарының барлығы өрт сөндіріп жатыр, сол үшін мен де баруым керек», -деді. Мен келісімімді бердім, бірақ абай болшы деп ескерттім. Осы уақытта дейін қанша дала өртін көріп келеміз, бұл ойын емес», - дейді марқұмның әкесі.

Әкесінің УАЗ маркалы көлігіне мініп, Бейбарыс қыстауға жолға шыққан. Ал бірақ ауылға оның мәйіті ғана қайтқан. Әкесі баланың денесі қатты күйіп кеткенін айтады. Облыстық ТЖД хабарлауынша, жас жігіттің денесі көліктен алты метр қашықтықта табылған.

Бейбарыстың достары жігіттің өрт шырмауына қалай түсіп қалғанын түсінбей отыр. Айтуларынша, өрт кең алқаптың бойымен қозғалып отырған екен. Әр жерде шөптер тұтанып жатқан. Өрт сөндіріп жүргендер бірнеше топқа бөлініп, өртті ауыздықтау үшін біріге күш салған. Осындай қарбалас шақта Бейбарыстың өртті алқапта қалып қойғанын ешкім аңғармай қалуы мүмкін.

Қарағандыдағы политехникалық колледжді бітіріп, құтқарушы мамандығын алып шыққан Бейбарыс өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді жоспарлап жүріпті. Алайда табиғи апат салдарынан оның бұл арманы орындалмай қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1921433-ulytaudagy-ortten-qaitys-bolgan-23-zastagy-zigittin-akesi-bolgan-zaitty-bayandap-berdi/

pixel