RU

Тауда табылған алматылық әйелді құтқару сәтінен видео жария болды

Құтқару сәті
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Үлкен Алматы көлі маңынан табылған оңтүстік астананың тұрғыны ауруханаға тікұшақпен жеткізілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі оқиға орнында түсірілген видеоны жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, әйел сегізінші шілде күні шамамен сағат 11-де табылған. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып, зардап шегушіні тасымалдау және ауруханаға жеткізу қажет болды.

"Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "ҚазАвиаСпасаның" МИ-703 борты оқиға орнына ұшып келіп, зардап шегушіні Үлкен Алматы көліндегі тікұшақ айлағына жедел түрде жеткізді, ол жерде әйелді Төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және жедел жәрдем бригадасы қарсы алды. Зардап шегуші №7 ауруханаға жатқызылды", - дейді министрлікте.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы тауларында тұрғынның жоғалғаны туралы жетінші шілдеде белгілі болған еді.

Әлия Қамиеваның анасы оның бесінші шілде күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып, құтқарушыларға жүгінген.

Куәгерлер алматылық тұрғынды соңғы рет Үлкен Алматы көлінің маңынан көргенін айтып, оны іздеуге республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, кинологиялық есептер, "109" құтқару қызметі, 75 ерікті мен дрондар жұмылдырылған болатын.

Әлия Қамиева сегізінші шілде күні таңертең Үлкен Алматы көлінің жанынан ауыр жағдайда табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921450-tauda-tabylgan-almatylyq-aieldi-qutqaru-satinen-video-zariya-boldy/