RU

Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилері шекарада тағы да атысты

Шекара
Фото: РИА Новости

8 шілдеде қырғыз-тәжік шекарасында тағы да атыс болды. Бұға қатысты қос мемлекеттің шекара қызметі пікір білдірді деп хабарлайды АКИpress.

Басылымның Қырғызстан шекара қызметінің мәлімдемесіне сілтеме жасап ұсынған ақпараты бойынша, атты шекарашылар отряды кезекшілік кезінде күтпеген жерден Тәжікстан шекарашыларының шабуылына тап болыпты. Осыдан кейін әскери қызметкерлер арасында атыс басталған.

"Оқиға құрбандары туралы ақпарат нақтылануда. Қырғызстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Баткен облысы бойынша Шекара қызметінің басшысы Кыялбек Толонбаев пен қауіпсіздік органдарының жетекшілері мән жайды білу үшін оқиға орнына арнайы барды. Шекара қызметінің өкілдері бұл фактіні тексеріп жатыр", - деді ведомство.

Ал Тәжікстан қақтығыс себептерінің өзіндік нұсқасын атады.

Орталық Азияның жаңалықтар қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, оқиғаға қырғызстандық шекарашылардың заңсыз түрде Тәжікстан аумағына өтуге әрекеттенуі себеп болған.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасында соңғы жылдары қарулы қақтығыс жиілеп кетті. Соңғы рет 28 сәуірден 1 мамырға созылған қарулы жанжалдан 36 қырғыз және 19 тәжік азаматы қаза тапқан. Одан бөлек, екі тараптан 300-ге жуық адам зардап шеккен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921571-qyrgyzstan-men-tazikstannyn-askerileri-sekarada-tagy-da-atysty/