RU

"Өлтіруді мақсат етпедік": Гаити президентінің өліміне күдіктілер сотта жауап берді

Моиз
Фото: Twitter / Tariq Nashee

Гаити президенті Джовенел Моиздің өліміне қатысты ұсталған күдіктілер президентке не себепті шабуыл жасағандарын түсіндірді деп хабарлайды РИА Новости.

Ұсталғандардың арасында Джеймс Солаж және Жозеф Венсан есімді екі америкалық азамат болған. Олардың айтуынша, шабуыл жасау барысында президентті өлтіру жоспарда болмаған.

"Жалданған азаматтардың мақсаты президент Моизді өлтіру емес, оны тергеу судьясының санкциясы бойынша тұтқындау болды", - деді судья Клеман Ноэль.

Ноэль тұтқындалғандардың көлігінен Гаити президентінің үйіндегі бейнебақылау камерасының сервері, қару-жарақ, ақша табылғанын мәлімдеді.

Америкалықтар болса, аудармашы қызметін атқарғанын айтып, ақталып отыр. Солаж бұл жұмысты интернеттен тапқанын алға тартты. Тағы 11 күдіктіні құқық қорғау органдары Тайвань елшілігінде ұстады.

Сәтті екіжақты қарым-қатынастың арқасында елшілік полиция қызметкерлеріне ғимаратқа кіріп, күдіктілерді құрықтауға рұқсат берді.

Еске салсақ, бұған дейін 7 шілдеде белгісіз біреулер Гаити президенті Жовенель Моиздің резиденциясына шабуыл жасағанын жазған едік. Мемлекет басшысы алған жарақатынан қайтыс болды. Ол 53 жаста еді.

Моиз резиденциясына сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні белгісіз адамдар тобы шабуыл жасаған. Шабуыл жасағандардың кейбірінің испанша сөйлегені атап өтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921659-oltirudi-maqsat-etpedik-gaiti-prezidentinin-olimine-kudiktiler-sotta-zauap-berdi/