Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

QazVac: Отандық вакцинаны жасап шығарған ғалымдардың бірі айрықша деректермен бөлісті

Опубликовано:

ҒЗИ-дегі сынамалар қалай жүргізіледі?
Фото: exk.kz

Еліміздің биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирус инфекциясына қарсы екпені қалай зерттейтінін айтып берді. "Экспресс К" басылымына берген сұхбатында QazVac екпесін жасап шығарушылардың бірі ғалым Лесбек Құтымбетов жануарларға қалай сынақ жүргізілетінін айтып берді деп хабарлайды KAZNUR.KZ.

QazVac вакцинасын жасау кезінде препараттың сапасын, оның ішінде қауіпсіздігі мен мутагенділігін бағалау үшін ақ тышқандар, сириялық атжалмандар, теңіз шошқалары, ақ егеуқұйрықтар, қояндар, күзендер мен макака-резус маймылдарын пайдаланады екен.

Институтта сынақ қояндарын арнайы блокта өсіреді. Ал өзге жануар түрлерін қажет болған жағдайда арнайы мамандандырылған шаруа қожалықтарынан сатып алады.

"Екпе сапасын бақылауға арналған жануарларды бастапқыда карантинде ұстайды. Олар қажетті физиологиялық жағдайға дейін сонда болады. Кейіннен салмағы, жынысы мен жасына, денсаулығына қарай іріктеп алынып, бақылау және тәжірибе топтарына бөледі. Екі топтағы жануарларды күнделікті бақылап, температурасын, салмағын өлшейді. Тәбеті мен қозғалысына, су ішуіне де қарайды", - дейді ғалым.

Құтымбетовтің сөзінше, қауіпсіздікті зерттеу 10 күнге, иммуногендікті зерттеу 35 күнге созылады. Иммуногендікті жануарлар ағзасындағы SARS-CoV-2 вирусының антиденелердің түзілу деңгейі бойынша бағалайды.

Ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе аясындағы жануарлар
Фото: exk.kz
"Жануарларға екпе салғаннан кейін белгілі бір уақыттан соң ағзасында антиденелердің бар-жоғына тексереміз. Ол үшін қан алынып, ондағы сарысу үлгілері жиналады. Содан соң, иммунитеттің қарсылық танытуын анықтау үшін жануарларға вирулентті вирусты жұқтырамыз. Сол кезде бақылаудағы, яғни екпе салынбаған жануарлар өліп қалады да, ал тәжірибеге алынғандары (екпе салынған) тірі әрі денсаулығы жақсы екенін көріп отырмыз", - дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, иммунитеттің қарсы тұруын тексеру кезінде зерттеуге алынған жануарлар тобының 15-25 пайызы өледі.

Сондай-ақ, екпе салынған жануарлардың клиникалық жағдайында еш өзгеріс байқалмай, жағдайлары қалыпты болатыны да анықталған.

"Адамдар үшін қандай да бір препараттардың сапасын бағалауда жануарлардың атқарар рөлі зор екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Себебі, дәл осы жануарларға жасалған сынамалардан соң ғана олардың адам ағзасына қауіпсіздігі және тиімділігі анықталады. Тәжірибеге алынатын жануарларға қатысты халықаралық талаптар бар. Әрбір зерттеуші олар қиналмайтындай етіп әрекет етіп, ережелерді сақтауы тиіс", - дейді Лесбек Құтымбетов.

Ғалымның айтуынша, институт жанында жануарларға қарым-қатынасты қадағалап отыратын биоәдеп жөніндегі комиссия жұмыс істейді.

"Жануарларға жасалатын сынама негізінде адамдарға қажетті медициналық заттар жасалатынын ескерсек, адамдар үшін мұндай зерттеулер аса қажет. Олай болмаған жағдайда, адамзат зардап шегуі мүмкін", - дейді ол.

Дереккөз: exk.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921689-qazvac-otandyq-vakcinany-zasap-sygargan-galymdardyn-biri-airyqsa-derektermen-bolisti/

pixel