RU

Оралда ер адам банкомат жанында зейнеткердің 125 мың теңгесін ұрлап кетті

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Оралда банкомат жанында зейнеткердің ақшасын алып қашқан тұрғын ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиеваның айтуынша, оқиға Құрманғазы көшесінде орналасқан банкомат жанында болған.

Жедел кезекші пультіне хабарласқан 1953 жылғы тұрғын белгісіз жас адамның өзіне шабуыл жасап, 125 мың теңгесін алып, бой тасалағаны жөнінде айтқан.

Күдіктінің шабуылдаған сәті бейнекамераға түсіп қалған.

Күдікті бірнеше минуттан кейін қолға түсті. Ол Орал қаласының еш жерде жұмыс істемейтін 1985 жылғы тұрғыны болып шықты.

Ер адам кінәсін мойындаған, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігіне (тонауға әрекеттену) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 17 жастағы бойжеткен зейнеткердің 20 мың теңгесін қолды қылғанын жазған едік.

2 маусымда Шемонаиха ауданының 69 жастағы тұрғыны зейнетақысын алу үшін банкоматқа келген. Сөмкесін ақтарған зейнеткер көзілдірігін үйде қалдырып кеткенін түсінеді. Кейін банкоматтың жанында тұрған бейтаныс бойжеткеннен көмек сұраған.

Артық ойы жоқ кейуана өз картасының пин-кодын бейтаныс қызға айтып, 40 мың теңге шешіп беруін өтінген. Алайда ол 40 мыңның орнына 20 мың теңгесін ғана қолына ұстатқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921702-oralda-er-adam-bankomat-zanynda-zeinetkerdin-125-myn-tengesin-urlap-ketti/