RU

Нұр-Сұлтанда тағы бір қалалық аурухана инфекциялық стационарға айналды

Дәрігерлер
Көрнекі фото: pixabay.com

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және COVID-19 ауруының өршуіне байланысты Нұр-Сұлтанда тағы бір қалалық аурухана инфекциялық стационарға айналды деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Енді №1 көпбейінді қалалық аурухана 9 шілдеден бастап коронавирус инфекциясы бар пациенттерді қабылдайды. Онда 600 төсек-орын орналастырылған. Бұл шара төсек-орындарының жеткіліксіз болуы себепті қабылданды, деп түсіндірді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

"Өкінішке орай, біз тағы бір қалалық ауруханада жоспарлы госпитализацияны тоқтатуға, оны ковидтік стационарға айналдыруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі инфекция жұқтырғандар саны азаймай тұр. Барлық пациент ауыстырылды. Алдағы уақытта оларды қаланың республикалық және ведомстволық клиникаларына жібереміз", – деп түсіндірді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Осылайша қала тұрғындарын ауруханаға жатқызу стационарлардың кезекшілігіне сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ, гинекологиядан бөлек, тәулік бойы және күндізгі стационарға жоспарлы жатқызуды №2 көпбейінді қалалық аурухана да уақытша тоқтатады.

Өткен жазда №1 көпбейінді қалалық аурухана КВИ науқастарын емдейтін стационарға ауыстырылған болатын. Ал тамыз айының соңында коронавирус инфекциясы бар соңғы науқас шығарылған соң бұрынғы профильдік жұмысына қайта кіріскен.

"Эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Соңғы аптада біз үш аурухананы инфекциялық стационарға ауыстырдық. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы тұрғындардың инфекция жойылды, карантинді ұмытуға болады деген пікірі бізге ауыр тиеді. Елорда наурыз айынан бері "қызыл" аймақтан шықпағанын тағы да еске салып өтейін. Бұл көрсеткіш тұрғындарымыздың санитарлық талаптарды сақтаудағы жауапкершілігіне тікелей байланысты", – деп түйіндеді ведомство басшысы.

Тимур Мұратов тәулігіне ауруханаға жатқызылғандардың саны 300 адамға жеткенін атап өтті. Айтуынша пациенттер ауыр және өте ауыр күйде түсіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921739-nur-sultanda-tagy-bir-qalalyq-auruxana-infekciyalyq-stacionarga-ainaldy/