RU

Премьер-министр кімдердің жалақысы көтерілетінін айтты

Асқар Мамин
Фото: egemen.kz

Биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру шаралары жалғасады. Бұл туралы үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргі кезде 600 мың педагогтың еңбекақысын 25 процентке, ал 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын біліктілігіне қарай 20-дан 30 процентке дейін көтеру шаралары атқарылып жатыр", - деді Мамин үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, әлеуметтік сала жұмысшыларының жалақысы 50 процентке көтерілді. Осы шарамен 21 мың адам қамтылып отыр.

Осылайша педагогтардың орташа жалақысы 253 мың теңгеге, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 320 мың теңгеге, ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 180 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да көбейеді.

Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдардың қызметтік жалақысы 1,9 есеге өсті. Ал орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2022 жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын 30 процентке көтеріледі. 

Бұл шара 2024 жылға дейін жалғасады. Осылайша мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы 179 мың теңгеден 267 мың теңгеге дейін жоғарылайды.    

Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн режимде өтіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921782-premer-ministr-kimderdin-zalaqysy-koteriletinin-aitty/