Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әр қазақ өз тілінде сайрауы керек": Ұлттық әндерді нақышына келтіріп орындайтын беларусь әйел көпті сүйсінтті (видео)

Опубликовано:

Фото
Фото: Instagram/stomma81

Атырау облысында ұлты беларусь болса да, қазақтың ұлттың әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген Раушангүл Стомма есімді тұрғын тұрады. Раушангүлдің орындаудындағы қазақ әндерін тыңдаған адам оның дауысына тамсанып жатады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Раушангүл Стомма Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Аққора елдімекенінде 1981 жылы дүниеге келген.

1960 жылдары қазақ еліне оқуға келген Раушангүлдің әкесі Александр Стомма Атырау өңірінде қызметке тұрып, отбасын құрып, Қазақстанда тұрақтап қалуды жөн көрген.

Раушангүлдің мамандығы – кітапханашы. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ол, әкесінің қазақ еліне қалай табан тірегенін айтып берді.

"Менің әкем Алексендр Стомма 1948 жылы Белоруссияда дүниеге келген, сонау 1963 жылдары Атырау қаласына оқуға жіберілген.

Сөйтіп училищеде білім алып, осы жақта тұрақтап қалған. Әкем балалар үйінде тәрбиеленген, сол себепті Белоруссияға қайтуды жөн көрмеген екен.

Әкем өз әке-шешесін көрмегендіктен және олардың мейіріміне бөленбегендіктен, осы Атырау облысы, Қызылқоға ауданында жұмысқа орналасып, Намаз әжемізді кездестіріп, сол кісінің бауырында өскен. Әжеміз орысша, әкеміз қазақша түсінбесе де, ишарамен бір-бірін түсініп, солай бауыр басып кеткен. Кейін анамыз Сәнжанмен отбасын құрып, жеті ұл-қыз тәрбиелеген",-дейді Раушангүл Стомма.

Бүгінде қазақ тілінде таза сөйлейтін Раушангүлдің сөзінше, оның тілі қазақша шығып, ол ана тілін бәрінен жоғары қойған.

"Мектепті де қазақ тілінде бітірдік. Әкем тек ауылдағы кітапханадан орысша кітаптар алып беріп, оқытатын. Ондағысы екі тілді де біліңдер, көп тілді білген артықтық етпейді дегені екен.

Әйтпесе өз тілін білмей немесе шұбарланып сөйлеген адамдарды көргенде өзегім өртенетіні рас. Өзім өнер адамы болғандықтан, көп байқауға қатысамын. Сол сияқты барлық шараларды қазақ тілінде жүргіземін", - дейді ол.

Қазір Раушангүл өзі туып-өскен Қызылқоға ауданы, Миялы ауылындағы "Арман" мәдениет үйінде ұйымдастырушы әрі әнші болып жұмыс істейді.

"Қазақстанда тұрғаныма ризамын, түрім өзге ұлт болғанымен, тілім қазақ, өзім қазақ. Әсіресе ұлттық әндерді нақышына келтіріп әндеткенге мақтанып, марқаямын. Бұл өнер маған әкем мен нағашы әжемнен дарыған.

Әкем орыс тілінде Катюшаны керемет орындайды, сосын Шәмші Қалдаяқовтың "Ана туралы жырын" да жақсы айтады. Ал нағашы әжем Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін ертеректе, ауыл арасында көшіп жүргенде, әдемі орындайды екен.

Жалпы жастарға айтарым, әр қазақ өзінің ана тілінде сайрауы керек. Өзінің ана тілін білмеген адам жетім адам деп есептеймін. Сол себепті қазақтың салт-дәстүрін біліп, өз тілімізге құрмет көрсете білуіміз керек", - дейді Раушангүл.

Айта кетейік, Раушангүлдің балалары да анасының жолын қуып, Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда білім алуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921929-ar-qazaq-oz-tilinde-sairauy-kerek-ulttyq-anderdi-naqysyna-keltirip-oryndaityn-belarus-aiel-kopti-suisintti-video/

pixel