RU

Ресейде іздеуде жүрген 12 қылмыскер СҚО-дан табылды

Кісен
Көрнекі фото: perm.aif.ru

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері биыл шекаралас ынтымақтастық аясында Ресейде іздеуде жүрген 12 қылмыскерді ұстады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, РФ-ның шекаралас өңірлерінің полицейлері іздеп жатқан 12 қылмыскердің көбі Омбы облысында қылмыстар жасағаны үшін іздеуде болған.

Солтүстік қазақстандық полицейлер анықтаған үш қылмыскерге Калининград, Челябі, Владимир облыстарында іздеу жарияланған.

Ресейлік жедел уәкілдер іздестірген екі солтүстікқазақстандық заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп күдіктелген.

Петропавлда ұсталған 42 жастағы ер адам шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің назарына іліккен.

Ал 26 жастағы солтүстікқазақстандықты Омбы облысының жедел уәкілдері есірткі қылмыстарын жасағаны үшін іздеген.

СҚО аумағында анықталған қылмыскерлер сондай-ақ ауыр дене жарақаттарын келтіру, билік өкіліне қатысты күш қолдану, заңсыз көші-қонды ұйымдастырған екен.

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді анықтап, заңнамамен қарастырылған рәсімдерді жүргізді.

Кейін қажетті мәліметтер ресейлік әріптестерге жіберілді.

"Шекаралас өңірлердің Ішкі істер министрлігі басқармаларымен бірлесіп жұмыс жүргізу мәселелерді жедел шешуге көмектеседі. Басты міндет – жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету", - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922023-reseide-izdeude-zurgen-12-qylmysker-sqo-dan-tabyldy/