RU

Қазнетте университет мұғалімінің атынан жалған хабарлама тарады

Ұялы телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазнетте қарағандылық жоғары санаттағы дәрігер және кафедра меңгерушісі жазды деген аудиохабарлама тарап жатыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Хабарламада "Спутник V" вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі биыл мамыр айында ғана басталғаны, яғни әлі аяқталмағаны туралы айтылған. Сондай-ақ хабарлама авторы вакциналар бедеулікке әкеледі және денсаулыққа қауіпті деп мәлімдейді.

Қарағандыда бір ғана медицина университеті бар. Тиісінше, кафедра меңгерушілері сонда ғана жұмыс істейді. Алайда Қарағанды медицина университетінің баспасөз қызметі қызметкерлердің ешқайсысы мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.

"Желі қолданушыларының бірі аудиожазбаны кафедра меңгерушісі жазған деп айтқан. Бірақ ол біздің университеттен емес", – деді ҚМУ баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, хабарламаның мәтінінде де жалған мәлімдемелер бар.

Біріншіден, "Спутник V" вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі 2021 жылдың мамырында емес, өткен жылдың 7 қыркүйегінде басталды.

Оның қорытындысы 2 ақпанда жарияланды, онда вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген.

Екіншіден, COVID-19-ға қарсы вакциналар, атап айтқанда "Спутник V" бала туу қабілетіне әсер етеді деп айтуға негіз жоқ. Вакцинация бедеулікке әкелуі мүмкін деген қауесетті препаратты әзірлеушілердің өздері де, Қазақстан, Ресей және басқа елдердің жетекші мамандары да жоққа шығарды.

Олардың барлығы мұндай қорқыныш негізсіз, вакцина құрамында адамның репродуктивті жүйесіне әсер ететін компоненттер жоқ екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922072-qaznette-universitet-mugaliminin-atynan-zalgan-xabarlama-tarady/