RU

"Жұмысқа тұрғызып беремін": Түркістан облысының тұрғындары 47 миллион теңге шығынға батты

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Түркістан облысының полицейлері жұмысқа тұрғызып беремін деп, 100-ге жуық тұрғынды алдаған күдікті әйелді анықтады деп хабарлайды Polisia.kz.

Портал жазғандай, Мақтаарал АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда оңалту орталығын жаңадан ашып жатқан танысы жұмысқа кіргізіп беремін деп алдағанын жеткізген. Содан күдікті жәбірленушіден жұмыс ақысы үшін 500 мың теңге алған. Алайда, бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысы болмаған, не өз ақшасын кері ала алмаған. Арада бірнеше күн өткен соң жәбірленуші танысының алдап жүргенін білген. Сондықтан бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Аталған жайт қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Тәртіп сақшылары іздестіру шаралары барысында күдіктіні жергілікті мекенжайынан анықтады.

Қазіргі уақытта алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай күдіктінің бұдан басқа 97 жайтқа қатыстылығы анықталды. Олардың әрқайсысынан 300 мың-700 мың теңге аралығында ақша алып отырған. Осылайша жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 47 миллион теңгеден астам.

Аталған жайтқа байланысты күдікті әйел қамауға алынып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау мақсатында Мақтаарал аудандық сотына жолданған. Қазіргі таңда сот күдіктіні кінәлі деп танып, үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922171-zumysqa-turgyzyp-beremin-turkistandyq-alayaq-aiel-zurtty-47-mln-tengege-laqtyryp-ketken/