RU

Алматыда таудан табылған келіншек әлі жансақтау бөлімінде жатыр

Аурухана
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы тауынан ауыр халде табылған турист Әлия Қамиева әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Науқастың жағдайы бірқалыпты ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денсаулығында ешқандай оң өзгеріс байқалмайды. Есін жиды. Сөйлей алады. Алайда әлі де жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр", - деп хабарлады №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы тауларында тұрғынның жоғалғаны туралы жетінші шілдеде белгілі болған еді.

Әлия Қамиеваның анасы оның бесінші шілде күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып, құтқарушыларға жүгінген.

Куәгерлер алматылық тұрғынды соңғы рет Үлкен Алматы көлінің маңынан көргенін айтып, оны іздеуге республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, кинологиялық есептер, "109" құтқару қызметі, 75 ерікті мен дрондар жұмылдырылған болатын.

Әлия Қамиева сегізінші шілде күні таңертең Үлкен Алматы көлінің жанынан ауыр жағдайда табылды.

Көп ұзамай Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі тауда табылған алматылық әйелді құтқару сәтінен видеоны жария етті.

"Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "ҚазАвиаСпасаның" МИ-703 борты оқиға орнына ұшып келіп, зардап шегушіні Үлкен Алматы көліндегі тікұшақ айлағына жедел түрде жеткізді, ол жерде әйелді Төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және жедел жәрдем бригадасы қарсы алды. Зардап шегуші №7 ауруханаға жатқызылды", - дейді министрлікте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922177-almatyda-taudan-tabylgan-kelinsek-ali-zansaqtau-boliminde-zatyr/