RU

30-ға жуық ағаш оталған: Алматылықтар әйгілі Абай даңғылындағы ағаштардың кесілуіне қарсы шықты

1
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Алматылықтар Абай даңғылындағы ағаштардың кесілгеніне наразылық білдірді. Анықталғандай, Назарбаев даңғылынан Есентай өзеніне дейін 27 ағаш оталған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кесілген ағаштардың суретін алматылықтар әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.

Бұған қатысты пікір білдірген қалалық жасыл экономика басқармасы ағаштардың құлағалы тұрғанын, тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Әкімдік бұл ағаштардың орнына басқа ағаштар отырғызылатынын жеткізді.

"Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алмалы ауданы әкімінің аппараты Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтымен және Kaz_eco_patrol қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Абай даңғылындағы, Назарбаев даңғылынан Есентай өзеніне дейінгі ағаштарды тексеру жұмыстарын жүргізді.

Тексеру нәтижесі бойынша жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін ағаштар анықталды", - дейді Алматы қаласы әкімдігінің Жасыл экономика басқармасы.

Қазіргі уақытта құлағалы тұрған 27 ағаш оталған. Ал күзде Абай даңғылының бойындағы осы учаскелерде үлкен ағаштарды отырғызу жұмыстары жүргізілмек.

"Егер мұндай ағаштарды уақытылы кесіп тастамаса, олар жан-жағындағыларға қауіп төндіруі мүмкін. Көпжылдық кәрі ағаштар орнына жаңасын егуді қажет етеді. Сондай -ақ, соңғы уақытта жиі жел тұрып жүр. Тек бұтақтар емес, үлкен ағаштар да құлап жатыр. Бұл адамдарға үлкен қауіп төндіреді", - дейді Жиенбаев атындағы өсімдіктерді қорғау институтының қызметкері Нұргелді Кеңес.

Жасыл экономика басқармасының хабарлауынша, "Жасыл құтқару" қауымдастығының өкілдері бұл аймақта жөке ағаштарының арасында ауруы көп екенін айтып отыр.

Қала әкімдігінде жасыл желектерге қатысты әрбір шешім экологтармен, сарапшылармен және жұртшылықпен алдын ала талқыланатынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922223-30-ga-zuyq-agas-otalgan-almatylyqtar-aigili-abai-dangylyndagy-agastardyn-kesiluine-qarsy-syqty/