RU

Картамен төлем жасау орнына ақша аударуды талап ету қаншалықты заңды

Ақша
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Қалиев

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сатушы қандай жағдайда тауар немесе қызмет ақысын төлем картасы арқылы алудан бас тартуы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің сөзінше, Қазақстан заңнамасында сатып алушыға картамен төлеу мүмкіндігін ұсынуы тиіс кәсіпкерлік қызметтің 14 түрі бар. 

Олар POS-терминалды қолдануға міндетті. Норманы бұзғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершілік бар. 

"Сатып алушы карта арқылы төлем жасағысы келсе, сатушы бас тартпауы керек. Ол өзге төлем жүйесін ұсынбауы тиіс. Әрине, техникалық ақау болуы мүмкін, бірақ жүйелі түрде олай болмауы қажет. Мұндай жағдайлар анықталған кезде дер кезінде әрекет етуге тырысамыз", - дейді Бақыт Сұлтанов брифингте.

Ол тұтынушылардың құқығын қорғау министрлік қызметі бағыттарының бірі екенін айтты.

Айта кетейік, тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті сауда министрлігінің құрамына кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Exante инвестициялық компаниясының талдаушысы Андрей Чеботарев көлік немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуы үшін қолма-қол төлем жасауға тыйым салу қажет екенін айтқан еді.

"Президент бұл туралы бірнеше рет айтқан – кәсіпкерлерді қорқытып, аударымдармен күресудің орнына, біз пәтерлер мен көліктерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салуымыз керек. Сонда кімнің қай жерде ақшасы бар екені тез анықталатын болады, өйткені бүкіл өркениетті әлемде қымбат заттарды, тауарлар мен қызметтерді қолма-қол қаражатқа сатып алуға тыйым салынған.

Егер сіз пәтер сатып алу үшін қолма-қол 30-50 миллион теңге алып келсеңіз, ешкім сізден мұндай ақшаны қайдан алдыңыз деп сұрамайды, егер сіз банкке әкелсеңіз, сіз оны қайдан алдыңыз деп сұрау мүмкіндігі бар. Бұл көптеген мәселелердің "көлеңкеден шығуына" драйвер ретінде қызмет ететін болады, ал үйдегі нан, сүт және айран үшін жеке аударымдармен күрестің пайдасы жоқ", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922245-kartamen-tolem-zasau-ornyna-aqsa-audarudy-talap-etu-qansalyqty-zandy/