Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазір жауапкершілік танытатын уақыт": Алтай Көлгінов елордалықтарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

Алтай Көлгінов
Алтай Көлгінов. Фото: uralskweek.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Instagram парақшасында қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады.

"Өткен тәулікте мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың өсуіне өткен демалыс күндері айрықша әсер еткен. Яғни қала тұрғындарының табиғат аясында сауық құрып, суға түсуі инфекция жұқтырғандардың артуына себеп болған.

Қала тұрғындарын адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын. Бөтен адамдармен, көпшілікпен қарым-қатынасты, сол сияқты қонаққа баруды тоқтату қажет. Қазір әлеуметтік және азаматтық жауапкершілік танытатын уақыт. Бұл әсіресе бизнес нысандарына да қатысты. Коронавирустың жаңа түрі – "дельта" штамы (үнді деп те аталады) неғұрлым жұқпалы екенін, және ауыр күйде өтетінін есте ұстаған жөн.

Инфекция жұқтырғандар санының өсуін, оның ішінде ауыр халдегі науқастарды ескере отырып, медициналық мекемелерді бірінен соң бірін ковидтік ауруханаларға айналдырып жатырмыз", - дейді Алтай Көлгінов.

Осы ретте елорда басшысы денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы - вакицина салдыру екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазір елордадағы медициналық мекемелерде 100 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін бірқатар сауда үйі мен СОО-да вакцинация пункттері ашылды.

"Бүгін вакцинация пункттерінің біріне бардым. Вакцина алу үшін барлық жағдай жасалған. Ал еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін медициналық бригадалар аттанады.

Алдымызда оқу жылы келе жатыр. Оқытудың бұрынғы форматына – офлайн режимге оралу үшін ұжымдық иммунитетті дамыту қажет. Ұжымдық иммунитет өзге де кәсіпорындарға үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентін 300 мыңнан астам қала тұрғыны алды.

Вакцинация — өзіңіздің денсаулығыңызды, сондай-ақ жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғаудың жалғыз жолы.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922463-qazir-zauapkersilik-tanytatyn-uaqyt-altai-kolginov-elordalyqtarga-undeu-zasady/