RU

Сағынтаев: Алматыға келген студенттің бәрі вакцина салдыруы керек

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: Atameken Business Channel

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисте "дельта" штаммының өсіміне байланысты алматылықтарды вакциналау қарқынын төмендетпеуге шақырды.

Бұл туралы қала басшысы Almaty.tv арнасының тікелей эфирінде өткен Akimat LIVE бағдарламасында айтты.

"170 мыңға жуық студент оқитын болса қаламызда, соның 64 мыңы қаланың тұрғындары, қалғаны сырттан келген. Қазір осыған байланысты ректорлармен сөйлесіп жатырмыз. Келген студенттің бәрі вакцина салдыруы керек. Себебі әрқайсысы әр жерден келген. Біреуі ауырып келді, біреуі ауырмай келді. Біреуі вакцина салдырып келді, біреуі салдырмай келді. Сондықтан негізгі жұмыс қарқынын күшейту қажет. Әйтпесе, "дельта" штаммы бізді жеңіп шығады", – деді Сағынтаев.

Сонымен қатар, тікелей эфирде хабарласқан көрермен елдегі, оның ішінде Алматыдағы азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты сұрақ қойды.

Өз кезегінде мегаполис басшысы аталған мәселеге қатысты жан-жақты шара қолданылып жатқанын жеткізді.

Мысалға алсақ, Алматыдағы 7 базарда азық-түлік бағасы 25 пайызға арзандатылған әлеуметтік сөрелер қойылды. Одан бөлек, тауарды өндірушілер мен сатып алушы орындардың арасында өзара тығыз байланыс орнату арқылы қымбаттаушылықтың алдын алу жоспарланып отыр.

"Өзіміздегі шығатын өнімдердің уақытында келмеуі, әртүрлі жағдайлардың болуы, оның бәрі, әрине, қымбаттаушылыққа алып келді. Осыған байланысты біз картоп пен сәбіздің бағасы қазір түсті. Бізге Түркістан облысынан өте көп көлемде қазір келе бастады", – деді Сағынтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922483-sagyntaev-kelgen-studenttin-bari-vakcina-saldyruy-kerek/