RU

CҚО-да өзен жағасында балық аулап отырған балықшыны бұқа сүзіп өлтірді

Фото
Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде үй жануарларының қатысуымен болған екі бірдей жазатайым оқиға тіркелді деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқыс оқиғалардың бірі облыстағы Есіл ауданында орын алған. Мұнда 60 жастағы ер адам ат үстінде қаза болған.

Сол сияқты Ақжар ауданында симменталь тұқымды бұқа өзен маңында балық аулап отырған 67 жастағы балықшыға шабуыл жасаған.

Оқыс оқиғаның орын алғанан бақташы байқаған. Ол бұқа сүзіп тастаған қарияны тауып, ауылға хабар берген. Өкініштісі жарақат алған зейнеткер аудандық ауруханада, жарақаттарының салдарынан қайтыс болған.

Қазіргі таңда аталған екі факті бойынша жергілікті полиция бөлімдерінің қызметкерлері сараптама тағайындап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ведомство өкілдері осы арқылы екі оқиғада да қылмыстық сипаттың бар-жоқтығын анықтаймыз дейді.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары Ақжар ауданында болған оқиғадан кейін далада, қараусыз жүрген малдың қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Ал сол күні мал баққан қойшы аталған оқиға үшін айыппұл төлеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО тұрғындарының жайылымдық жер таппай, малдарын жаппай сатып жатқандықтарын хабарлаған едік.

Белгілі болғандай жайылымдық жердің тапшы екендігінен жергілікті атқамінерлер де хабардар болып шықты. Олар биыл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан 77 мың гектар алқапты қайтарып алып, тұрғындар игілігіне бергенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922547-cqo-da-ozen-zagasynda-balyq-aulap-otyrgan-balyqsyny-buqa-suzip-oltirdi/