RU

Грузияда Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты іс жабылуы мүмкін

Әсел Айтбаева
Фото: Instagram / assel_ayt

Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның анасы Айсұлу Айтпаева қызының өліміне қатысты істің жабылуы мүмкін екенін айтты. Бүгін бойжеткеннің өліміне күдіктінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Марқұмның анасы AIBAT ақпараттық қызметінің тілшілеріне істің жабылып қалуы мүмкін екенін айтқан.

Ол Грузияның прокуратурасына сүйеніп, шешімнің айыпталушының өлімімен байланысты екенін түсіндірген.

"Айыпталушының болмауына байланысты процесті тоқтататын шығар. Ештеңе түсіндірген жоқ. Бұл мені қанағаттандырған жоқ. Бірақ мен не істей аламын? Неге бұлай жасағанын білмеймін. Ертең не оның арғы күні қандай шешімге келгенін нақты айтады", - дейді әйел.

Еске сала кетсек, 5 мамырда Әсел Айтпаева Тбилисидегі үйлердің бірінің терезесі маңынан өлі күйінде табылған болатын.

Кейінірек оның өліміне күдікті ретінде Грузияның 57 жастағы азаматы қамауға алынды. Елдің бас прокуратурасы оған қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айып таққан. Егер оның кінәсі дәлелденсе, күдікті алдағы 10 жылын колонияда өткізуі мүмкін еді.

Одан бөлек, желіде марқұм мен күдіктінің арасындағы сөйлесудің жазбасы пайда болды. Жазбада ер адамның қызға қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын естуге болады.

Дегенмен күдіктінің қорғаушысы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады. Адвокат Лаша Шукакидзенің сөзінше, күдікті марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті, ол екеуінің үйленбек болғанын да айтқан.

Одан бөлек, қазақстандық полицейлер Әсел Айтпаеваның ата-анасы Бас прокуратураға арыз жазған соң бойжеткенді шетелге жұмысқа шақырған туысы Мұрат Мейірбековті "Адам саудасы" бабымен қамауға алған болатын.

Ал бүгін БАҚ беттерінде күдікті Бесик Тордуаның өлі күйінде табылғаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922633-gruziyada-asel-aitpaevanyn-olimine-qatysty-is-zabyluy-mumkin/