RU

Алматыда жаңа қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Қазақстан теңгесі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті World Business Consulting қаржылық пирамидасының қызметін тоқтатты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, World Business Consulting қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету дерегі бойынша бірқатар тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға World trend Strategies, Confidence World Group, HUBB international, Riviera imperial, Asteco және өзге де үлестес компаниялардың инвестициялық жобаларына ақшалай қаражат құюды ұсынған.

Өз кезегінде, бұл компаниялар заңды қызметтен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен сыйақы алуға кепілдік беріп отырған.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына сәйкес World Business Consulting қызметінде қаржы пирамидасының белгілері анықталды. Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. ҚМА азаматтарды сақ болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады", - дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Осы орайда ведомство егер өзіңіз немесе жақындарыңыз World Business Consulting қызметінен зардап шеккен болса, Жібек Жолы даңғылы, 127 мекенжайында орналасқан Алматы қаласы бойынша ЭТД-ге жүгінуге болатынын немесе 8-775-923-40-90, 8 708 192 2818 телефондары бойынша хабарласуды сұрайды.

Ал өзге қалалардың тұрғындары тиісті қаланың/облыстың ҚМА аумақтық департаментіне жүгіне алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922700-almatyda-zana-qarzy-piramidasynyn-qyzmeti-toqtatyldy/