RU

Желі арқылы "сүйіктісінің" сеніміне кірген ер адам бес млн теңгеден астам қаржыны қолды қылған

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысында әлеуметтік желі арқылы "сүйіктісін" тақырға отырғызған ер адамға сот үкімі шықты. Шығын көлемі бес миллион теңгеден астам деп хабарлайды polisia.kz.

Басылымның мәліметінше, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған.

Оның сөзінше, әлеуметтік желі арқылы танысқан "ғашығы" алдап кеткен.

Яғни ер адам құрылыс компаниясында лауазымды қызметте екенін айтып, Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алып бере аламын деп сендірген.

Ақысына жәбірленушіден бірнеше бөліп, бес миллион теңгеден астам ақша алған.

Ер адам осыдан кейін бірте-бірте байланысты үзіп, кейіннен телефонын алмай қойған.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тіркелген.

Қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын қолға алып, куәгерлерден жауап алып, республика көлемінде іздеу жариялаған.

Осылайша жан-жақты, үзіліссіз жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінен ұстаған.

Ол Бәйдібек аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

"Іс ашылып, күдіктінің қылмысын дәлелдеуде қажетті шараларды жүргізіп, құжаттарды жинақтадық. Бұл жерде айта кетейік, күдікті бұрын бірнеше рет сотты болған. Ол барынша өзін ақтап алуға, ізін жасыруға тырысты. Дегенмен тәртіп сақшыларының құтылып кете алмады.

Соңында айыптау актісімен істі сотқа жолдадық. Өз кезегінде 44 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылып, соттың шешімімен төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Осы тұста барша облыс тұрғындарын, алаяқтарға алданбауға, олардан барынша сақ болуға шақырамыз. Мәселелеріңізді тек заңға сүйене отырып шешіңіздер дегім келеді", – дейді тергеуші Шадиярбек Бегім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922732-zeli-arqyly-suiiktisinin-senimine-kirgen-er-adam-bes-millionnan-astam-aqsany-qoldy-qyldy/