RU

Түркістан әкімі жер кезегінде тұрғандарға қатысты мәлімдеме жасады

Нұрбол
Нұрбол Тұрашбеков. Фото: otyrar.kz

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жер кезегінде тұрғандардың қашан жермен қамтылатынын айтып берді деп хабарлайды "Отырар" басылымы.

Кезекте тұрған азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдаған қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, алдағы үш жыл ішінде жер кезегінде тұрған 30 мыңнан аса азамат жермен қамтылады.

Ол үшін алдымен инфрақұрылым жұмыстары, яғни су, газ, жол, электр сынды жұмыстар жүргізіліп, аумаққа үй салатын отбасылар үшін жайлы жағдай жасалу қажет. Қала әкімі осы тұрғыдағы істер бүгінде ретімен жүзеге асырылып жатқанын алға тартты.

Нұрбол Тұрашбеков одан өзге тұрғындардың жұмыссыздық, атаулы әлеуметтік көмек, үй кезегі сынды мәселелері бойынша сауалдарына жауап беріп, істі шешудің оңтайлы жолдарын айтып өтті. Кездесу аясында жауапты бөлім басшылары да келушілердің мәселелеріне құлақ түріп, жеке кеңестерін беруге тырысты.

Қала әкімі барлық істер тек заң аясында атқарылатынына баса назар аударды. Сонымен қатар, әкім оқу орнын аяқтап, жұмыссыз жүрген жастарға "Жастар практикасы" арқылы түрлі мүмкіндіктер берілетінін еске салды.

16 шілде күні өткен жеке қабылдау аясында 40-қа жуық кезектегі азаматтың мәселесі қаралды. Айта кетейік, кезекке жазылу Ғабит Мүсірепов көшесі №17 ғимаратта орналасқан Түркістан қаласы әкімдігінің Халықтың кеңсесі арқылы жүзеге асады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922742-turkistan-akimi-zer-kezeginde-turgandarga-qatysty-malimdeme-zasady/