RU

"Локдаунға оралуға мәжбүр боламыз": Елорданың бас санитар дәрігері үндеу жасады

індет
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова еліміздің астанасында Құрбан айт өткізу талаптарын түсіндірді деп хабарлайды Қазақпарат.

Сархат Бейсенова коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық іс-шаралар өткізудің шектелуіне орай, биыл қала мешіттерінде мерекелік Айт намазы өткізілмейтінін еске салды.

Бұндай шаралар халық арасында коронавирус инфекциясын одан әрі болдырмау үшін қабылданған.

"Біз күн сайын инфекциялық жағдайдың көптеп тіркелетінін көреміз. Барлық тұрғындарды аса қажеттіліксіз адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын", - деді елорданың бас санитар дәрігері.

Сонымен қатар, Сархат Бейсенова араласатын адамдардың қатарын шектеп, үйге кісі шақырмауға және қонаққа бармауға кеңес берді.

Оның сөзінше, коронавирус инфекциясының өсу динамикасы төмендемесе, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілер тарапынан қатаң санитарлық нормалары сақталмаса, локдаунға оралуға мәжбүр боламыз.

"Елордадағы эпидемиологиялық жағдай көбіне өзімізге байланысты екенін түсіну маңызды. Сол себепті біз вакциналау арқылы ғана аурудың өсуіне қарсы тұра аламыз. Вакцинация – ең алдымен, өзіңіз араласатын жақындарыңыз бен жұмыс істейтін адамдар алдындағы, отбасы мен туған-туыс алдындағы жауапкершілік. Тек жаппай вакциналау ғана пандемияны жеңуге және қалыпты өмірге оралуға көмектесетінін ұмытпайық", - деді елорданың бас санитар дәрігері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922751-lokdaunga-oraluga-mazbur-bolamyz-elordanyn-bas-sanitar-darigeri-undeu-zasady/