RU

Денсаулық сақтау министрлігі: Қазақстанда коронавирус 2 апта ішінде екі есеге өсті

Дәрігердің қабылдауында
Көрнекі фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің басшысы ОКҚ-дағы онлайн-брифингте Қазақстанда соңғы 2 аптада коронавирус жұқтыру деңгейі екі есеге артқанын айтты, бұл "дельта" штамымен байланысты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жалпы алғанда, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүкіл эпидемия кезеңінде елде 477 мыңнан астам ауру жұқтыру дерегі тіркелген. Олардың 91%-ы жазылып шыққан.

26 маусымнан бастап Қазақстан тағы да "қызыл" аймаққа кірді, еліміздің 13 аймағы "қызыл" аймаққа өткен.

"Соңғы 2 аптада "дельта" штамының таралуын ескере отырып, ауру таралуының 2,3 есеге артқанын байқадық. Сонымен қатар, барлық облыста коронавирус жұқтыру дерегі артқанын атап өткім келеді. Маусыммен салыстырғанда орташа тәуліктік ауру 4,4 есеге өсті", – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова онлайн-брифинг барысында.

Еске сала кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 5648 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 477 754-ке жетіп отыр.

Бұл- пандемия басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Сонымен өткен тәулікте коронавирус жұқтырғандар көшін Нұр-Сұлтан қаласы бастады. Елордада 15 шілдеде 1549 адамнан коронавирус анықталған. Екінші орында Алматы- 885 адам, үштікті Шымкент қаласы қорытындылады. Үшінші мегополисте бір тәулікте 421 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922791-densaulyq-saqtau-ministrligi-qazaqstanda-koronavirus-2-apta-isinde-eki-esege-osti/