Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы Сайран көлінде жасөспірім суға батып кете жаздады (видео)

Опубликовано:

Оқиға орны
Оқиға орнынан кадр: ТЖД

Алматыдағы Сайран көлінде жасөспірім ажал құша жаздады. Оқиға 18 шілде күні болған. Суға батып бара жатқан балаға құтқарушылар көмектесіп үлгерді деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаменті ресми Instagram каналында.

16 жастағы жасөспірім Сайранда демалып жатқан. Жасөспірімнің аяқ киімін жағалаудан су алып кетеді. Аяқ киімді су жағадан 15 метрдей жерге дейін шайып әкеткен. Жасөспірім аяқ киімінің артынан суға қарай жүгіреді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бір сәтте жасөспірім көлдің түбіне аяғы жетпей тұрғынын түсініп, үрейлене бастайды. Үрейден ол тұншыға жөнеледі. Құтқарушылар бұл жайтты дер кезінде байқап қалады.

Олар суға батып бара жатқан жасөспірімге құтқару құралын лақтырып, көмекке дер кезінде жетіп үлгереді. Жасөспірім жағаға аман-есен шығарылды. Ол ата-анасына тапсырылды. Ешқандай медициналық көмек қажет болмады.

Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертуде.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысының құтқарушылары балық аулау кезінде суға батқан ер адамның денесін іздеп жатқанын жазған едік.

Одан бөлек, Алматы облысында жасөспірім мен кішкентай қыз суға батып кеткенін жазған болатынбыз.

Бірінші жағдай Іле ауданындағы Қозөзен ауылының маңында болды. 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды.

Екінші жағдай Қапшағайда орын алды. Үлкендердің қарауынсыз қалған бес жасар қыз суға батып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1922956-almatydagy-sairan-kolinde-zasospirim-suga-batyp-kete-zazdady-video/

pixel