RU

Батыс Еуропадағы алапат тасқын: Табиғи апаттан 189 адам көз жұмды (видео)

Германиядағы тасқын
Фото: rian_ru

Батыс Еуропада болған алапат су тасқыны салдарынан кем дегенде 189 адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалып кетті деп хабарлайды CNN.

Он мыңнан астам адам үйлеріне орала алмай, әлі күнге дейін жарықсыз және ауыз сусыз отырғандар қарасы көп.

Бұрын-соңды болмаған жауын-шашын салдарынан аққан су тасқыны Батыс Германияның бір бөлігін басып, содан кейін көрші Бельгия мен Нидерланд еліне көшкен.

Маас өзенінде сенбі күні 100 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет болып отырған су деңгейінің рекордтық көрсеткіштерге дейін көтерілуі Нидерланд елінің оңтүстігіндегі бірқатар аймақтың эвакуциялануына себеп болды.

Маастың дәл қасында орналасқан Венло қаласында 10 000 адамға үйлерінен кетуге тура келген.

Сол арада Германияда су тасқынының салдары қандай болғанын осы демалыс күндері су азайғаннан кейін анықтау мүмкін болып отыр. Бүтін қалалар, теміржолдар мен көлік жолдарының тас-талқаны шыққан, кем дегенде 158 адам қаза тапты.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер бұл апатты "ғасырдағы ең ауыр табиғи апат" деп атады. Жексенбіде Кобленц полициясы батыстағы Рейн-Пфальц штатында ең көп өлім жағдайы тіркелгенін - барлығы 110 адам қаза тапқанын мәлімдеді.

Бельгияда Ұлттық дағдарыс орталығы жексенбіде жағдай бүкіл ел бойынша біртіндеп жақсарып келе жатқанын және су тасқынынан зардап шеккен аудандар "қауіпсіз аймақта" екендігін мәлімдеді.

Зардап шеккендерді іздеу жалғасуда, қазіргі уақытта ең үлкен проблема - ең көп зардап шеккен аудандарда ауыз судың жеткіліксіздігі. Орталықтың мәліметінше, елде кем дегенде 31 адам көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922964-batys-europadagy-alapat-tasqyn-tabigi-apattan-189-adam-koz-zumdy/