RU

Ораза ұстауға бола ма: Арапа күні не істеу керек

мешіт11
Көрнекі фото: pixabay.com

Ертең, 19 шілде – Арапа күні. Бұл күн Зүл-хиджа айының тоғызыншы жұлдызында, яғни Құрбан айттан бір күн бұрын болады деп жазады Sputnik Қазақстан.

Арапа қандай күн

Арапа – ислам дініндегі қадір-қасиеті мол күндердің бірі. Білу, түсіну деген мағынаны білдіреді.

Бұл күннің "арапа" аталуының себебі, Зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын көреді. Алғашқыда оны жай түс деп ойлайды. Алайда ертесіне, яғни, Зүл-хиджа айының 9-ы күні сол түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді "Арапа" деп атап кеткен деседі.

Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде адамдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының кешірілуін үмітпен тілейді. Көзден жас төгіліп, тәубе етіліп, Жаратушыға шын жүректен жалбарынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл етіп, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.

Арафат тауы – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың барша иман келтірген құлдарына берген сыйы. Сондықтан қажылық жасауға мүмкіндігі болмаған, Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді шын ниетпен пайдалануы керек.

Алладан кешірім, тәубе тілеу

Арапа күні Алладан көбірек кешірім тілеп, біліп және білмей жасаған күнә-қателіктер үшін тәубе етудің маңызы зор. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: "Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені Арапа – Алла қадірлі еткен күн" деген.

Сондықтан бұл күні жетім-жесірлерге, кедейлерге қол ұшын созып, ауру-сырқаудың көңілін сұрап, ағайын-туыс, көршілермен қарым-қатынас жасап, мол сауапқа кенелуге болады.

Ораза ұстауға бола ма

Арапа күні жасалатын ең ізгі амалдардың бірі –  ораза ұстау.

Бұл күні қажылыққа бармаған адамның ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуінің сауабы өте мол. Әсіресе, Арапа күні ораза ұстау мұстахап амал (сүннет) саналады.

Хадистерде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін", – деген.

Осыдан-ақ бұл оразаның артықшылығын көруге болады. Яғни, жылына бір рет келетін Арапа күнін оразамен өткізу – Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге берілген мүмкіндік.

"Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады", - дейді Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.).

Арапа оразасының уақыты

Арапа оразасының уақытын күнделікті намаз кестесінен қарауға болады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты. Сәресіні таң намазына 10 минут қалғанда аяқтаған абзал.

Ал ақшам намазының кіруімен ауыз ашу уақыты басталады. Ауыз ашқанда сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасайсыз.

Бауырсақ пісіріп, дайындық жасайды

Арапа күні әр мұсылман шаңырағында Құрбан айтқа қызу дайындық жүреді.

Бауырсақ, шелпек пісіріп, дәмді тағамдар әзірленеді. Мол дастархан жайылып, қонақ күтуге дайындалады. Үйдің іші-сыртын тазалап, ретке келтіреді.

Адамдар әдемі, жаңа киімдерін киіп, ұлық мейрам – Құрбан айттың келгеніне ерекше шаттанып қуанады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922969-oraza-ustauga-bola-ma-arapa-kuni-ne-isteu-kerek/