RU

"Қалай ашуланбайсың?": Жаркентте салынғанына үш жыл болған мектептің қабырғасы жарылды (видео)

Панфилов ауданы
Фото: Instagram/angry_taldyk

Жаркентте салынғанына 3 жыл ғана болған мектептің қабырғасы сөгіліп жатыр. Видео Instagram-дағы angry_taldyk парақшасында пайда болды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы облысы Панфилов ауданының орталығында 2017 жылы салынған жаңа мектептің қабырғасы жарылғаны туралы видео желіде талқыға түсті.

Желі қолданушылары аудан әкіміне шүйлікті.

"Қалай ашуланбайсың!? Әкім ештеңе көрмей ме? Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жанжал болды бұл! Әлі күнге құрылыс салып үйренбедік пе? Бұл Жаркенттегі мектеп, берілгеніне екі-ақ жыл болған", - деп жазылған пабликтегі видео сипаттамасында.

Видеоны көріп, оған пікір білдіргендер аталған мектептің үш балдық жер сілкінісіне де шыдас бермеуі мүмкін екенін алға тартты.

Аудан орталығындағы мектепке қатысты Панфилов ауданының әкімдігі ресми жауап берді.

"Жаркент қаласындағы Хамраев атындағы орта мектеп 2017 жылы салынды. Онда 430 оқушы білім алады. "Алматыкульбытстрой" компаниясының сыртқы әрлеу жұмыстарын сапасыз жасағаны себепті сыртқы қабырғалары сөгілген", - дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аудан басшылығы нысанның жалпы сметалық құжаттарына 1 млрд 21 мың теңге бөлінгенін жеткізді.

"Құрылыс жүргізген компания мектептің құрылысына үш жылдық кепіл берген. Мектепті тапсырған уақытта ешқандай кемшіліктер анықталған жоқ. 2019 жылы мектептің сыртқы қабырғасында жарық пайда болды, мектептің шағымы негізінде әкімдік прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызметпен бірігіп тексеріс жүргізді.

Мамандардың тексерісінен кейін мектеп қабырғасының кейбір сыртқы сылағы қалың жағылғаны анықталды. Ал мектептің негізгі қабырғасы қызыл кірпіштен, қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Құрылыс компаниясы кепілдеме негізінде жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал биыл мектептің сыртқы сылағы қайда түсе бастады.

Кепілдеме мерзімінің өтіп кетуіне байланысты мектеп әкімшілігі үнемделген қаражаттан 15 миллион теңге бөлді. Бүгінгі таңда байқаудан өткен құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарына кірісті", - дейді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922975-qalai-asulanbaisyn-zarkentte-salynganyna-us-zyl-bolgan-mekteptin-qabyrgasy-zaryldy-video/