RU

"Келін, қандай тик-ток түсіреміз": Арбаға таңылған келіншек қалай танымал болғанын айтты

Анар
Фото: Жеке мұрағат

Арбаға таңылған Анар Хамитова туралы басылым беттері осыдан екі жыл бұрын жарыса жазған еді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны денсаулығы жоғына қарамастан қолөнер бұйымдарын жасап, көшеде әшекейлер сатқан. Өткен жылдан бастап көпшілік келіншекті қазақстандық танымал тик-токерлердің қатарына қосып келеді деп жазады Азаттық рухы.

Анар Хамитова Tik Tok видеоларын карантин кезінде түсіріп бастағанын жасырмады.

"Арбаға таңылғаныма қарамастан күнделікті өмірде сыртта көп жүремін. Елде карантин жарияланып, сыртқа шығуға шектеу қойылған уақытта үйде уақыт өткізу үшін осындай қызықты видеоларды түсіруді қолға алдым. Ол сәтте аудитория жинауды көздеген жоқпын.

Түсірген видеоларым туыстарым мен достарыма ұнап, жан-жаққа тарай бастады. Бірден оқырман саны да артты. Осыған дейін түрлі актерлік, режиссерлік курстарды оқығанмын. Мүгедек болғандықтан анам бала күнімнен түрлі үйірмелерге қатыстырған. Қазір сол оқығандарымның пайдасы тиіп жатыр", - дейді Анар Хамитова.

Алғашқыда қызықты видеоларға тек өзі ғана түскен елордалық келіншек, көп ұзамай Tik Tok желісіне енесін де тартқан.

"Идея таусыла бастаған кезде енеме тик-токты бірге түсіру туралы ұсыныс жасадым. Ол кісі менің сөзімді ешқашан жерге тастамаған, бұл жолы да бірден келісе кетті. Ал, жолдасым апаммен бірге түсірген видеоны көрген кезде әбден күліп алды. Кейін «бұлай көп түсірме, ұят болады» деп айтты. Ол мінезі жұмсақ адам, дін ұстанып, намазын қаза қылған емес. Десе де, бұл апам екеумізге жақсы ермек болды. Тик-ток түсірудің арқасында енем екеуіз бір-бірімізді одан сайын жақын тарта түстік. Тіпті таңертең ұйқыдан тұрған сәтте әңгімесін "Келін, қандай тик-ток түсіреміз?" деп бастайтын", - дейді Анар.

Желі жұлдызы оқырман саны артқан сайын теріс пікір жазушылар саны да арта бастағанын алға тартты.

"Оқырмандар мен қаралым саны күрт артқан кезде теріс пікір жазушылар да көбейді. "Семізсің, әжең сондай, әжең мұндай" деген сияқты дүниелерді жаза бастады. Бірақ мені жақтайтын оқырмандарым да өздерінің жақсы ойларын, әрдайым тілектерін жазып отырады.

Мен енемнің жасын сыйлап, үлкен кісі екенін ескеріп, ол кісіге жаман пікірлерді оқымайтынмын. Негізі өзім де пікірлерге көп мән бермеуге тырысамын. Себебі маған денсаулығыма байланысты ашулануға болмайды. Жылап немесе көңіліме алып қалсам, денем жұмыс істемей қалуы ықтимал, ондай кезде тіпті дәрі де көмектеспейді. Сол себепті әрқашан жақсы көңіл-күйде жүруге тырысамын", - деді Анар.

Өкінішке қарай, көктемде Анар Хамитованың енесі коронавирусқа шалдығып, сәуір айында ауруға төтеп бере алмай көз жұмған. Осылайша әлемді жайлаған дерт бұл отбасының да шаңырағын бір жылатты.

"Апамды ауруханаға алып кеткеннен кейін артынша мен де ауыра бастадым. Бірінші аяқ қолым сырқырап, тартыла бастады. Екі күн бойы температурам 37 градус болды. Коронавирусқа шалдыққанымды сонда түсіндім. Жолдасыма "Менде де коронавирус, мен бітті өлемін" деп дүрбелеңге түстім. Алайда, күйеуімнің жылағанын көріп, өзімді қолыма алдым.

18 жыл бойы миастенияны жеңіп келе жатқандықтан, ковидты да жеңемін деп өз өзіме ант бердім. Аллаға шүкір, аман қалдым. Бірақ өкінішке қарай, апамыз бұл аурамен күресе алмады. Енем ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін алтын кісі болды. Маған үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ковидке шалдығып, ауруханаға түскен кезінде жолдасыма "Анарымды ренжітпе, керек кезде көмектес" деп ақылын айтып кетті. Бәлкім, қайтыс болатынын сезген де болар", - деп бөлісті Анар Хамитова.

Анар Хамитованың бүгінде негізгі мақсаты – өзі сияқты жандарға мотивация беру. Осылайша ол алдағы уақытта көпшілікке пайдасы бар блогер болуды армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923011-kelin-qandai-tik-tok-tusiremiz-arbaga-tanylgan-kelinsek-qalai-tanymal-bolganyn-aitty/