Досына хабарласқан: Алматыда тауға жалғыз аттанған 27 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр

Опубликовано:

1
Фото: ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметі

Іле Алатауы тауларында Мәншүк Мәметова шыңына жалғыз аттанған ер адам іздестіріліп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

РЖҚЖ дерегінше, 18 шілдеде Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен ер адамның тауда жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Мәншүк Мәметова көлінде түнеген 27 жастағы жігіт таңертең шыңға көтерілетінін айтқан. Кешке жақын турист досына хабарласып, шыңды бағындырғанын, дегенмен оған көмек қажет екенін және өздігінен түсе алмайтынын ескерткен. Осыдан кейін ер адаммен байланыс үзілген.

Оқиға орнына 1 бірлік автотехника, 6 адамнан тұратын РЖҚЖ жедел тобы шықты. РЖҚЖ құтқарушылары альпинизм федерациясының (Тұйықсу базасы) альпинистерімен бірлесіп, іздестіруді бастады. Альпинистерден 2 адам жұмылдырылды. Жедел топ Р№ 6 көліне дейін жетіп, М.Мәметова шыңына қарай жаяу жүріп шықты.

РОСО құтқарушылары мұздықтың түбін барлап, мұздақтарды қарап шықты. Альпинистер М.Мәметова жотасының қырқасын асып өтті.

Белгілі болғандай, турист "Қазселденқорғау" жұмысшыларына сөмкесін қалдырып, 18 шілде күні түске қарай қайтатынын айтып, сол қалпы оралмаған.

Бүгін таңертең РЖҚЖ-ның екінші жедел тобы 7 адам мен 1 бірлік автотехника құрамында бірінші топпен ауысты. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қазавиақұтқару АҚ бортында М.Мәметова шыңын ұшып өтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923022-dosyna-xabarlasqan-almatyda-tauga-zalgyz-attangan-27-zastagy-zigit-izdestirilip-zatyr-foto/