RU

Директордың талабын орындамақ болған қостанайлық мұғалім опық жеп қалды

Қорап ұстаған әйел
Көрнекі фото: piqsels.com

Қостанайда денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайтын мұғалім жалған анықтама сатып алып, кейін емханаға шағымданды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мектеп мұғалімі бастығы вакцина паспортын сұратып жатқанын айтып, танысына мұңын шаққан. Әйел гипертония және демікпемен ауырады. Оған жекеменшік зертханада медициналық қарсы көрсетілімдері бар екені туралы анықтаманы алу қызметі 120 000 теңге тұратынын айтқан.

"Танысы мұғалімге анықтаманы 20 мың теңгеге жасап беретін адамның телефон нөмірін береді. Ертесіне құжат мұғалімнің қолында болады. Алайда әріптесімен кеңескеннен кейін, әйел анықтаманың жалған екенін байқаған: қағазда кейбір деректер жазылмаған", - деді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек брифингте.

Ашулы әйел анықтаманы берген мемлекеттік емханаға барып, бас дәрігердің медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасарымен кездеседі.

Медицина басшысы жалған құжат туралы дереу полицияға хабарлайды.

ІІМ хабарлауынша, бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді. Кінәлілер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923036-direktordyn-talabyn-oryndamaq-bolgan-qostanailyq-mugalim-opyq-zep-qaldy/