RU

COVID-19: ДДСҰ басшысы "дельтадан" да қауіптірек штамм пайда болатынын мәлімдеді

Тедрос Адамос Гебрейесус
Тедрос Аданом Гебрейесус. Фото: ТАСС

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус жуық арада "дельта-штамнан" да қауіптірек тағы бір вирустың пайда болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол Халықаралық олимпиада комитетінің сессиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді деп хабарлайды ТАСС.

"Таралу ауқымы кеңейе түскен сайын оның қауіптілік деңгейі де арта түсуі мүмкін. Ол тіпті қазір әлем жұртын әбігерге салып жатқан "дельта-штамнан" да қауіпті болуы ықтимал. Вирустың түрлі нұсқалары пайда болған сайын қазіргі вакцина олардың біріне жарамай қалып, бастапқы қалыпқа қайта түсеміз бе деген қауіп бар", - дейді Гебрейесус.

Ол әрбір мемлекетте вакцинацияланған тұрғындар саны 70%-ға жеткенде коронавирус пандемиясын тоқтату мүмкін болмақ деп есептейді. Ал дәл қазіргі жағдайға баға берген Тедрос Аданом әлем пандемияға қарсы төтеп бере алмай жатқанын жеткізді.

"Пандемия қашан бітеді деп менен сұрайтындар көп. Расымен де, ковид пен пандемия салдарынан көптеген сұрақтар пайда болып жатыр. Пандемия - бұл сынақ. Ал әлем бұл сынақтан өте алмай жатыр", - деп мәлімдеді Халықаралық олимпиада комитетінің 138-сессиясында сөз сөйлеген Гебрейесус.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923224-covid-19-ddsu-bassysy-deltadan-da-qauiptirek-stamm-paida-bolatynyn-malimdedi/