RU

Қарағандылық жігіт Балқашта тұратын бұрынғы әйелін алып қашты

Қолы байланған қыз
Көрнекі фото: volyninfa.com.ua

16 шілдеде Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне 67 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларына арызданған тұрғын өзінің бұрынғы күйеу баласы 25 жастағы қызын күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытта кетіп бара жатқанын хабарлаған.

Күдікті 27 жастағы жігіт Қарағандыда тұратын болғандықтан, полиция оларды осы қалада іздеу жұмыстарын жүргізді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында облыстың полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қарағанды қаласының жеке үйлерінің бірінен ұрланған әйелді тапты.

Әйелді ұрлап кеткен жігіт қолға түсті. Күдіктінің түсіндіруінше, оның бұрынғы әйелін ұрлауға итермелеген себебі баласын көргісі келген.

Қылмыстық кодекстің 126-бабы (Заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 17 маусым күні Алматы облысында алматылық азамат бұрынғы әйелін көлігімен басып кеткені туралы жазған едік.

Белгілі болғандай, әйел бұрынғы күйеуіне өзі келген. Келіншек ер адамнан көлікті автотұраққа дейін жүргізіп баруды өтініпті. Бұрынғы күйеуі рөлге жайғасқан уақытта, әйел қозғалып бара жатқан машинаға мінбекші болған.

Сол кезде оны көлік басып кеткен. Одан бөлек, ер адамның мас болғаны және жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923227-qaragandylyq-zigit-balqasta-turatyn-buryngy-aielin-alyp-qasty/