RU

Ақтауда түрме жатақханасының қирауынан көз жұмған азаматтың бостандыққа шығуына 8 ай қалған

Түрме11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Маңғыстау облысында түрме жатақханасының төбесі құлап, 3 сотталушы үйіндінің астында қаза тапты. Ал, жазасын өтеп жатқан 8 сотталушы түрлі дене жарақатымен орталық ауруханаға түскен. Оның біреуі өте ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қазір оқыс оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігінің өкілдері түрме аумағында тексеріс жүргізіп жатыр. Арнайы құрылған комиссия да, абақты басшылығы да әзірге қандай да бір мәлімет бермеді.

Оқыс оқиға кезінде қаза тапқан марқұмның туысының айтуынша, інісі 12 жылға сотталып, бостандыққа шығуына бірнеше ай қалғанда көз жазып қалған. Марқұмның денесі қазір мәйітханада жатыр. Туған әпкесі інісінің өліміне түрме басшылығын айыптап отыр.

"Осы түрмеге әуелі екі аяғымен келді ғой. Түрмеде отырғандарға рақымшылық болмай ма?. Мына басшылар не бітіріп отыр? Кезінде амнистия болғанда, мүмкін мұндай жағдайға тап болмас еді. Енді шығуға 8 ай қалды ғой. Шығады деп отырып, дәметіп отырғанда мына түрменің тасынан ажалы болып отыр ғой", – дейді марқұмның туысы. Көпбейінді ауруханада 8 сотталушының 4-еуі жеңіл жарақатына байланысты кері қайтарылған дейді дәрігер. Ал, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр. Қазір дәрігерлердің бақылауында.

"3 адам травмотология бөліміне жатты. 1 адам реанимацияда жатты. Ол кісі қазір аппаратқа қосылған. Қол-аяғы сынған. Миы шайқалған. Өкпесіне қан жиналған. Қазіргі таңда травмотология бөлімшесінде жатқан 3 науқастың жағдайлары қалыпты. Емін алып жатыр", – көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айберген Сәуірбаев.

Жалпы ГМ 172/6 қатаң режимдегі абақтыда 600-ден астам сотталушы жазаларын өтеп жатыр. Екі қабатты жатақхананың төбесінің неліктен опырылып кеткені әлі белгісіз. Бұл оқыс оқиғаға қатысты қазір қызметтік тексеріс жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923255-aqtauda-turme-zataqxanasynyn-qirauynan-koz-zumgan-azamattyn-bostandyqqa-syguyna-8-ai-qalgan/