RU

Келінінің бетін шанышқымен күйдірген: Полиция болған жайтқа қатысты пікір білдірді

Әйел
Видеодан кадр: instagram.com/gulmir_ktk

Түркістан облысында келінінің бетін шанышқымен күйдірген қайынәпкенің әрекеті әлеуметтік желіде резонанс тудыруда. Бұл жайтқа қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, аталған факті бойынша полицейлер тиісті іс-шаралар жүргізуде.

Отырар ауданы полиция бөліміне ешкімнің арызданбағанына қарамастан, болған жайтты Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы жеке бақылауына алған.

"Отырар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері заң аясында жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз", - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, аталмыш жайт туралы бұған дейін белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған еді. Оған бұл туралы зардап шегушінің сіңлісі мәлім еткен.

Айтуынша, келіншекті қайынәпкесі газплитаны жумағаны үшін осылай жазаламақ болған.

"Газ плитаны жумағанды көрсетем" деп, шанышқыны отқа қақтап бетіне басуы енді шектен шығу! ", - дейді жантүршігерлік оқиғаны баяндаған Гүлмира Әбіқай.

Журналист бұл жайтты отбасылық кикілжің емес, адамды қорлау әрі қылмыс деп бағалап, тиісті органдардың араласуын сұрады.

Сондай-ақ, кейін ол келіншектің қайынәпкесінің халықтан кешірім сұраған видеосын да жария етті. Видеода әйел "келінімді байқаусызда күйдірдім" деп ақталып, халықтан кешірім сұраған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923320-kelininin-betin-sanysqymen-kuidirgen-policiya-bolgan-zaitqa-qatysty-pikir-bildirdi/