Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік тұрғын қызына азғындық жасады деп сотталған жасөспірімді ақтауды сұрап отыр

Опубликовано:

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте сегіз жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған 16 жастағы жасөспірім 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляциялық сот оған тағайындалған жазаны өзгеріссіз қалдырды деп хабарлайды КТК арнасы.

Жасөспірімнің ісі қайта апелляциялық жабық сот отырсында қаралған. Ол 8 жасар қызға қол жүгіртті деген айыппен биыл сәуірде бес жылға сотталып кеткен болатын.

Алайда, сотталушы түгілі жәбірленуші тараптың өзі баланың кінәсіз екенін айтқанымен сот шешімі өзгеріссіз қалған.

"Кішкентай баланың тағдырына бұлар балта шауып жатыр. Кішкентай баланың тағдырын құртып жатыр. Әділ шешім сұраймыз. Дәлелсіз, иә. Бізде бүкіл қағаз бар, сараптаманың бәрін дайындадық, бірақ Шымкентте әділ шешім жоқ", - дейді сотталушының анасы.

Оқиға былтыр жазда болған. Қыз баланың отбасы жасөспірімнің үйінде бір бөлме жалдап тұрған екен. Бір күні сегіз жасар қыз анасына жасөспірімнің тиісіп, зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкеткен екен.

Бірақ жеткіншек қыздың психикалық ауруы бар екенін ескермеді, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.

"Он күннен кейін шай ішіп отырған кезде қызым әлгі жасөспірімді қайда деп сұрады. "Оны қамап қойды ғой, сен тиісті деп айтқан соң" деген едім, "мен оны түсімде көрдім ғой, мен түсімді бекер айтыппын ғой, соған бола оны қамап қойды ма?" деп айтты. Сосын мен арызымды қайтарып аламын деп тергеушіге бардым. Тергеуші "арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, мен сізге арызыңызды бере алмаймын" деп айтты", - дейді жәбірленушінің анасы.

Ал сотталушының қорғаушысы істе шикілік тым көп деп отыр. Айтуынша, полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртқан. Мұны сотталушының өзі айтып берген.

Сонымен қатар, адвокат қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмағанын, әрі қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын айтады.

"Әр сараптамада бір-біріне қарама-қайшы болған кезде, сот оны жоюға әрекет жасау керек, көз жеткізу керек. Қылмыстық кодекс талаптарына сай болжамдарға сілтеме жасауға болмайды. Болжаммен адамды соттауға болмайды", - дейді адвокат Жарылқап Өмірзақов.

Ал бұған қатысты пікір білдірген апелляциялық сот шешімді дәлелдерге сүйене отырып шығарғанын жеткізді. Бірақ заңнамаға сәйкес мұндай істі ашық айтуға болмайтындықтан, дәлелдерді жариялай алмайтындарын алға тартты.   

"Енді бір нақты әрекеттер жасады, зорлық-зомбылық әрекеттер жасады. Жыныстық тиіспеушілікке қатысты... Оның бәрін біз айтуға міндетті емеспіз. Негізі жабық сот отырысы", - дейді Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин.

Қазір жасөспірім уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуы тиіс. Алайда баланың жақындары мен жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспей отыр. Олар енді Жоғарғы сотқа арызданбақшы.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923367-8-zasar-qyzdyn-tusine-kirip-zorlamaq-bolgan-symkentte-15-zastagy-bala-sottalyp-ketti/

pixel