RU

"Нәпсісін тыя алмаған": Он жыл отасқан күйеуі көзіне шөп салған шаштараз келіншек мұңын шақты

Фото
Фото: pixabay.com

Елордалық Салтанат есімді келіншек (ред. аты-жөні өзгертілді) он жыл отасқан күйеуінің көзіне шөп салғанын айтып, мұңын шақты. Шаштараз әйел жолдасы өз қатесін түсініп, кешірім сұрағанымен, оған енді сенбейтінін айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Салтанаттың сөзінше, жан жарымен колледж қабырғасында танысқан. Екі жыл жігіт пен қыз ретінде кездескен олар, кейін шаңырақ көтеріп, бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр екен.

"Бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Жолдасым үйдің жалғызы ұлы болғандықтан, ата-енемен бірге тұрдық. Енем мінезі қияңқы, бірақ қызы болмаған соң ба, мені көп ренжітпеді. Жолдасым жұмыс бабымен басқа қалаларға жиі барады.

Солай жүргенде өзіне көңілдес тауыпты. Көңілдес тапқанда, ішімдік ішіп, мас болып қалып, маған көзіме шөп салған. Оны менен неше ай бойы жасырып жүрді.

Мен сол кезде оның мінезінен, сөйлеген сөзінен өзгерістерді байқап, біліп жүрдім, бірақ дәл осындай опасыздық жасайды деп ойламаппын. Жолдасым ішімдік ішіп, нәпсімді тыя алмай, осындай жасап қойдым дейді. Енді міне сенер-сенбесімді білмей, дел-сал күн кешіп жүрмін", - дейді келіншек.

Салтанаттың айтуынша, болған жайт туралы жолдасы өзі айтып берген. Ол кешірім сұрап, бұдан кейін мұндайға бармайтынын айтып, ант-су ішкен.

"Ұяты бар адам екенін білемін, бірақ, бір рет солай көзге шөп салған адам, кейін де сондайға бармайтынына кім кепіл? Ішімдікті мүлде көтере алмайды, соны жаңағы жас қыз пайдаланған болу керек.

Қазіргі қыздар осылай отбасылы еркектердің басын айналдырып, талай шаңырақты бұзады дегенді көп естуші едім.

Бірақ дәл менімен осындай жағдай болады деп үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Қазір сол жағдайды қалай ұмытайын десем де, бәрібір кеудемде сенімсіздік, оған деген реніш тұрады. Ата-енем де болған жайтты білдірткілері келмей, бәрін жуып-шайып жүр. Бірақ бір рет көңілін қалғаннан кейін қиын екен", - дейді үш баланың анасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923436-napsisin-tyya-almagan-on-zyl-otasqan-kuieui-kozine-sop-salgan-sastaraz-kelinsek-munyn-saqty/