Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер: "Шекарасыз жұмыс" сервисі және Coursera стиліндегі онлайн курстар

Опубликовано:

Дәулет Арғандықов
Дәулет Арғандықов. Фото: жеке мұрағаттан

Қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру және олардың кәсібилігін арттыру үшін мүмкіндіктер кеңея түспек. Осы мақсатта елде жақында екі жаңа сервис – «Шекарасыз жұмыс» Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында жұмыс іздеу жүйесі мен қысқа мерзімді онлайн оқыту платформасы іске қосылды. Бұл сервистер нені қамтитыны және қалай жұмыс істейтіні туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның Президенті Дәулет Арғандықов NUR.KZ-ке айтып берді.

- 1 шілдеден бастап ЕАЭО-ға мүше бес елдің цифрлық жобасы - «Шекарасыз жұмыс» іске қосылды. Бұл қандай жүйе екенін және ол қазақстандықтарға не беретінін айтып өтсеңіз.

- «Шекарасыз жұмыс» - бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық порталдарында орналасқан бос жұмыс орындары мен резюмелер бір жерге жинақталатын сервис. Бұл жүйе ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады және олардың жұмыс берушілері үшін бос жұмыс орындарына персоналдарды іздеу ортасын кеңейтеді.

Қазақстанда бұл сервис enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталында қолжетімді, оны порталда тіркелген қолданушылар - жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер қолдана алады.

Ешкімге шектеу жоқ, кез келген саланың маманы жұмыс іздей алады.

- ЕАЭО елдерінің ақпараттық жүйелерін біріктіру идеясы қалай пайда болды?

- Басты мақсат - әлем экономикасы терең құрылымдық түрлену мен цифрлық экономиканы дамыту кезеңінде болған уақытта, күнделікті өмір, іскерлік орта және мемлекеттік басқару цифрлық трансформацияланған кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциясын дамыту.

- Іздеу жүйесі қалай жұмыс істейтін болады? Алгоритмін түсіндіріп берсеңіз?

- Қазақстанды мысалға алып көрелік. Сервисті пайдалану үшін сізге enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуші немесе жұмыс беруші ретінде тіркелу қажет. Әрі қарай, «Азаматтарға арналған қызметтер» мәзірінен тиісті бөлімді таңдап, содан кейін «Шекарасыз жұмыс» іздеу жүйесіне өту керек.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»
Фото: «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ

Қолданушы платформада аумағында жұмыс табқысы немесе персоналды іріктеп алғысы келетін Одаққа мүше бір немесе бірнеше мемлекетті таңдай алады. Іздеу жолына кәсіп атауын, өзін қызықтыратын параметрлерді (жалақы, жұмыс тәжірибесі және т.б.) енгізеді. Лайықты бос жұмыс орны немесе резюме табылғаннан кейін, сұрау жіберіп, жауап күтеді. Егер жұмыс беруші қандайда да бір жұмыс іздеушіге қызығушылық танытса, онда ол көрсетілген байланыс деректерін пайдалана отырып, үміткермен байланысады.

- ЕАЭО-ның бір еліне жұмыс үшін көшкен, жаңа жердегі қатысушыларға қандай жағдайлар жасалады?

- Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы еңбек жағдайларын келісу келісімшарт жасау шеңберінде жүргізіледі. ЕАЭО туралы келісімшарт Одақ аумағында жұмыс істейтін мүше мемлекеттер азаматтарының құқықтарын едәуір кеңейткендігін атап өткім келеді. Мәселен, оларға ұлттық еңбек нарығын қорғау мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шектеулер қолданылмайды. Жұмыс істеуге міндетті түрде рұқсат алу шарты алынып тасталды.

Сондай-ақ, оларға тек еңбек келісімшартымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша да жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бірінші жұмыс күнінен бастап жұмысшылардың кірісіне жұмысқа орналасу мемлекеті азаматтарының кірістерімен бірдей мөлшерде салық салынады. Дәл осындай талаптар әлеуметтік қамсыздандыруға (әлеуметтік сақтандыру) (зейнетақыдан басқа) қатысты да қойылады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»
Фото: «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ

- ЕАЭО-дағы жұмыс берушілер қандай кадрларды іздейді?

- Бүгінгі күні Ресейлік жұмыс берушілер белсенділік танытуда. Сұранысқа ие Үздік-5 кәсіпке: автобус жүргізушісі, автомеханик, тігінші, автослесарь, автокөлік жүргізушісі кіреді.

- Бүгінгі күні «Электрондық еңбек биржасы» порталында қанша резюме жарияланды? Үздік-5 кәсіпті атап өтсеңіз және орташа статистикалық жұмыс іздеушіні сипаттап берсеңіз.

- Бүгінгі таңда ЭЕБ порталындағы өзекті резюмелердің саны 117 мыңнан асады. Қазақстанның еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс үнемі өзгеріп отырады, бұл көптеген факторларға, оның ішінде маусымдылыққа байланысты.

Қазіргі сәтте Электрондық еңбек биржасындағы үздік кәсіптердің ішінде білім беру, ауыл шаруашылығы, қаржы, жеке қызметтер саласының резюмелері бар. Елде резюмелердің ең жоғарғы өсімі қосалқы жұмысшылар, елді мекендерді абаттандыру жұмысшылары және әр түрлі жұмысшылар сияқты біліксіз кәсіптер бойынша байқалады. Біліктілігі бар персоналдардың арасында резюмелердің ең жоғары өсімі тәрбиешілер, сатушы-кеңесшілер, заңгерлер арасында байқалып отыр.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»
Фото: «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ

Порталдың қызметтерін барлық жастағы жұмыс іздеушілер пайдаланды, негізінен олар – орта білімнен кейінгі және жоғары білім деңгейі бар 45 жасқа дейінгі азаматтар.

- Портал бүгінгі күні қанша бос жұмыс орнын ұсынады?

- Тұрақты және уақытша жұмыс орындарына өзекті бос жұмыс орындарының саны – 128 мың. ЭЕБ-да орналастырылған бос жұмыс орындарының үштен бірі біліктілігі төмен кәсіптерге жатады. Сұраныс жағынан екінші орында – өнеркәсіп жұмысшылары (16%), үшінші орында – кәсіби мамандар (15%).

- Портал қызметін пайдаланатын жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің саны өсіп жатыр ма?

- Иә, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің өсімі байқалады. Электрондық еңбек биржасы іске қосылған сәттен бастап үш жылда (2018-2020 жылдар) 335 мыңға жуық жұмыс беруші мен 1,2 млн жұмыс іздеуші ЭЕБ қызметтерін алды. Жыл сайын портал арқылы 400 мыңға жуық адам жұмыс табады.

- Жүйе 2 аптаға жуық жұмыс істеуде, бүгінде нені байқадыңыздар? Белсенділік бар ма? Қазірдің өзінде ЕАЭО елдерінен қанша адам жұмыс тапты?

- 10 жұмыс күнінде Қазақстан бойынша «Шекарасыз жұмыс» жүйесінің бірегей қолданушыларының саны 440 адамнан асты, ал өтініштердің, яғни іздеу сұраныстарының саны 2000-нан асты. «Шекарасыз жұмыс» жүйесі аясында қазақстандықтар Беларусь пен Ресейдің бос жұмыс орындарына 40 жауап жолдады және қазақстандық бос жұмыс орындарына Ресейден 15 жауап алынды. Сондай-ақ, қазақстандық азаматтардың резюмелеріне ресейлік жұмыс берушілерден 216 шақырту түсті.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»
Фото: «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ

- Бұл уақытша жоба ма?

- Жоқ. Бұл ЕАЭО елдері үшін жұмыспен қамтудың тұтас цифрлық экожүйесін құруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық жоба. ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі шеңберінде қазір осы сервисті кеңейту бойынша ұсыныстар, оның ішінде электрондық еңбек келісімшарттарын жасау, жұмыс іздеушілерге өзіндік кәсіби диагностикалау мүмкіндіктерін ұсыну, резюмелер мен бос жұмыс орындарының сәйкестігін автоматтандыру және т.б. қаралуда.

- Қысқа мерзімді оқыту платформасы туралы айтып берсеңіз. Бұл қандай сервис және оның артықшылығы неде?

- «ЕРДО» АҚ Онлайн режимде қысқа мерзімді оқыту порталын іске қосты. Портал ел тұрғындарының білімділік және кәсібилік деңгейін арттыру, жалпы мансаптық өсуді ынталандыру және «өмір бойы оқу» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында жасалды. Бұл қазақстандық оқу орталықтары мен өзге де ұйымдар курстардың авторлары мен әзірлеушілері бола алатын Coursera сияқты халықаралық онлайн оқыту платформаларының аналогы.

Онлайн оқытуға https://skills.enbek.kz/ тікелей сілтемесі арқылы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қатысуға болады. Портал қысқа мерзімді онлайн-оқыту курстарының маркетплейсі болып табылады және сұранысқа ие дағдыларға оқығысы немесе біліктілігін арттырғысы келетін кез келген қазақстандыққа қолжетімді.

- Платформа екі тарапқа қандай артықшылықтар береді?

- Курстардың авторлары мен әзірлеушілері үшін артықшылықтар – қосымша платформалар мен сайттар жасауға қаражат жұмсамай онлайн курстарды орналастыру және ілгерілету мүмкіндігі, қосымша табыс көзін табу; курстардың нысаналы аудиториясын қамтуды және ұйымның танымалдылық рейтингін арттыру.

Ал тіркелген білім алушыларға Портал Электрондық еңбек биржасында орналастырылған бос жұмыс орындары бойынша жұмысқа орналасу үшін қажетті дағдылар бойынша курстарды автоматты режимде ұсынады. Платформа оларға қолайлы оқу қарқынын, оқу тілін және материалды ұсынудың ыңғайлы түрін таңдауға мүмкіндік береді.

- Платформа қандай онлайн курстар ұсына алады?

- Порталда Ұлттық қызметтер жіктеуіші шеңберіндегі кәсіби салалар бойынша курстар орналастырылуы мүмкін, мысалы, тұру және тамақтану, IT және телекоммуникация, маркетинг және БАҚ, құрылыс, құқықтану және т.б.

Қазіргі уақытта Порталда аспаз, косметикалық қызметтер, заң және бухгалтерлік қызметтер, құрылыс, қонақ үй және мейманхана ісі, іс жүргізуші, IT, SMM бағыттары бойынша 21 курс орналастырылған. Онлайн-курстардың ұсынылатын ұзақтығы 6 сағаттан 144 сағатқа дейін (бір айға дейін).

Бұл ретте, Порталда ақылы, тегін және квота бойынша курстар бар.

- Осы уақытқа дейін Порталға қанша автор мен әзірлеуші жұмылдырылды? Олар қандай критерийлер бойынша таңдалып алынады?

Қазіргі уақытта платформада 90-нан астам онлайн-курс авторлары тіркелген. Жүктейтін курстардың тақырыбына сәйкес келетін педагогикалық немесе кәсіби жұмыс тәжірибесі бар болған кезде контент жасаушы болып табылатын заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер авторлар бола алады. Сондай-ақ, тиісті жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар болуы қажет (сертификат/диплом көшірмелері және т.б.).

- Оқыту нәтижелері бойынша алынған сертификаттардың құндылығы қандай болмақ?

- Оқыту нәтижелері бойынша алынған сертификат оқушы Электрондық еңбек биржасына тіркелу кезінде жасаған резюмесінде автоматты түрде көрсетіледі. Бос жұмыс орындарын іздеген кезде әлеуетті жұмыс беруші жұмыс іздеушіден серфтификатты және жұмыс беруші үшін қажетті меңгерген дағдыны көреді.

- Портал мақсаттарының бірі – жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін жақсарту үшін жұмыссыз адамдарды мемлекет есебінен оқыту. Қазірдің өзінде қанша жұмыссыз адам оқудан өтіп жатыр немесе 2021 жылдың соңына дейін қанша адамды оқыту жоспарланып отыр? Қандай мамандықтар бойынша? Оқу аяқталғаннан кейін олар қаншалықты тез жұмыс таба алады?

- Тіркелген жұмыссыз адамдар мен жұмыс іздеп жүрген адамдар үшін жұмысқа орналасу сәтіне дейін оқыту бойынша мемлекеттік қолдау көрсету қаралған.

Nur Otan партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының шеңберінде 2025 жылға дейін қысқа мерзімді онлайн оқытумен 130 мың жұмыссыз азаматты, оның ішінде 2021 жылдың екінші жартысынан бастап 5 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Осы санатты оқыту курсының контенті барынша сұранысқа ие кәсіптерге оқытуға бағытталатын болады. Барынша сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі Порталдың басты бетінде орналастырылады және жылына екі рет жаңартылады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923446-qazaqstandyqtar-usin-zana-mumkindikter-sekarasyz-zumys-servisi-zane-coursera-stilindegi-onlain-kurstar/

pixel