RU

Түркістан облысында есірткі сатты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды

Ерлі-зайыпты
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері есірткі сатты деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түскен. Онда Сайрам ауданының тұрғындары, яғни ерлі-зайыптылардың есірткі затын сатумен айналысып жүргені айтылған.

Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары тез арада күдіктілердің жеке-басын анықтаған. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркелді.

Полицияның мәліметінше, күйеуінен пакетке салынған, әйелінен қағазға оралған есірткіге ұқсас зат алынған.

"Сараптама қорытындысымен екеуінен алынған зат "кептірілген марихуана" болып шықты. Жалпы салмағы 25 грамнан асты. Атап айтсақ, күдікті ерлі-зайыпты Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың бірі Сайрам ауданында, екіншісі Түлкібас ауданы аумағында есірткі затын сатумен айналысты деген күдікке ілініп отыр", - деді полиция.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.

Ал ерлі-зайыптылар қамауға алынған. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктілердің есірткіні сақтау мен өткізудің басқа да деректеріне қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923483-turkistan-oblysynda-esirtki-satty-degen-kudikpen-erli-zaiypty-ustaldy/