RU

"Анамды менің көзімше зорлайтын": 28 жастағы жетім қыз өгей әкеден көрген қорлығы туралы айтты

Раушан
28 жастағы Раушан. Скриншот: aitube.kz/ ЭК

"Көмек" дағдарыс орталығын паналаған 28 жастағы Раушан жастайынан жетім қалып, өзін асырап алған өгей әкесінен көрген қорлығы туралы айтты. Көрмегені қалмаған қыздың айтуынша, зорлық-зомбылықтың не екенін ол алты жасында-ақ білген, деп хабарлайды ЭК.

Бүгінде зорлық-зомбылық тақырыбы елімізде өте өзекті болып тұр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан дағдарыс орталықтары зардап шеккен әйелдер мен қыздарға көмек қолын ұсынуда. Осыған қарамастан, елдегі статистикалық деректер қуантарлық емес. Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық карантинде тіпті арта түскен.

28 жастағы Раушан - өгей ата-ананың қолында өскен жетім қыз. Жастайынан ол зорлықтың не екенін көріп, біліп өсіпті. Себебі, небәрі алты жасында ол өгей әкесінің анасын зорлағанына куә болған. Біраз уақыттан қыздың да арына туысқан ағасы қол салған. Содан бері осы күнге дейін көрмегенді көрдім, дейді ол.

"Алты жасымда туысқан ағам зорлады. Көшеге қарай қашып кететінмін. Бірақ қайтып алып келетін. Ал өгей әкем анам екеуімізге ойына келгенін істейтін. Артынша, өгей анам қайтыс болған соң ол мені де зорлайтын болды", - дейді ол.

Раушан араққа сылқия тойып алатын әкесі тіпті оны бірнеше рет бөтелкелестеріне де араққа сатқанын есіне алады. Ең сорақысы, бұл жайтты біле тұра, оның туыстары ешкімге тіс жармаған екен. Керісінше, оны үндемей, көнуге көндірген.

Кейіннен Раушанның тағдырына куә көрші әйел қызды қатты аяп, осы "Көмек" дағдарыс орталығына хабар беріпті. Қазіргі таңда бір жылдан астам уақыт бойы ол дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

Бірақ, қыздың бойында жылдар бойы қалып қойған қорқынышы мен үрейі әлі де бар. Мамандар, төрт ай бойы оның санасын үрейден арылту үшін жұмыс істеп келгенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924422-anamdy-menin-kozimse-zorlaityn-28-zastagy-zetim-qyz-ogei-akeden-korgen-qorlygy-turaly-aitty/